ҚазҰУ-да белгілі дипломат Берік Арынмен кездесу өтті — ҚазҰУ

ҚазҰУ-да белгілі дипломат Берік Арынмен кездесу өтті

9 қараша 2026
ҚазҰУ-да белгілі дипломат Берік Арынмен кездесу өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті мемлекет қайраткері, төтенше және өкілетті елші, Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының бас директоры Берік Арынмен кездесу өтті. Жиынға шығыстану және халықаралық қатынастар факультеттерінің басшылығы, оқытушы-профессорлық құрам мен студенттер қатысты.

Жүздесу барысында құрметті қонақ мемлекеттік қызмет пен дипломатия саласындағы көпжылдық тәжірибесімен бөлісті. Спикер қазіргі халықаралық қатынастардың өзекті мәселелеріне, Қазақстанның шет мемлекеттермен, соның ішінде ислам әлемі елдерімен ынтымақтастығын нығайтуға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Сонымен қатар дипломатиялық білім беру сапасын арттыру, болашақ мамандардың сыртқы саяси қызметі мен халықаралық ұйымдар жүйесінде тиімді жұмыс істеуіне қажетті талдамалық және коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру мәселелері де сөз болды.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Студенттер мен оқытушылар тәжірибелі дипломатпен пікір алысып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі