«Мейірім» қарттар үйіндегі тазалық акциясы: ҚазҰУ студенттерінің Тұрақты даму мақсаттарына қосқан үлесі — ҚазҰУ

«Мейірім» қарттар үйіндегі тазалық акциясы: ҚазҰУ студенттерінің Тұрақты даму мақсаттарына қосқан үлесі

9 қараша 2026
«Мейірім» қарттар үйіндегі тазалық акциясы: ҚазҰУ студенттерінің Тұрақты даму мақсаттарына қосқан үлесі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультеті, жылуфизика және техникалық физика кафедрасы оқу-ғылыми қызметті жоғары әлеуметтік жауапкершілікпен ұштастыру дәстүрін белсенді түрде жалғастыруда. Заманауи университет қабырғасында тек білікті мамандарды даярлап қана қоймай, бойында жоғары адамгершілік, эмпатия мен азаматтық белсенділігі бар тұлғаларды тәрбиелеу – білім беру процесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Осы бағытта кафедра студенттері аға оқытушы Мақсұтханова Ардақ Мақсұтханқызының жетекшілігімен «Мейірім» қарттар үйінде арнайы әлеуметтік-экологиялық тазалық акциясын ұйымдастырып өткізді.

Аталған іс-шара БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Күн тәртібінде көзделген Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) практикалық деңгейде жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Бастаманың басты мақсаты — қарттар үйінде тұрып жатқан аға буын өкілдеріне шынайы қамқорлық пен зейін таныту, олардың тұратын ортасының санитарлық жағдайы мен жайлылығын арттыру, сондай-ақ студенттер бойында әлеуметтік жауапкершілік, экологиялық мәдениет пен жоғары моральдық құндылықтарды қалыптастыру болып табылады.

Іс-шара барысында студенттер қарттар үйінің ішкі бөлмелері мен айналадағы аумағында ауқымды тазалық жұмыстарын жүргізіп, ретке келтірді. Жас белсенділер аға буын өкілдері үшін таза, қауіпсіз және қолайлы өмір сүру ортасын құруға өздерінің азаматтық үлестерін қосты. Акцияның ерекше бөлігі — қариялармен ашық әрі жылы жүзді қарым-қатынас орнату болды. Студенттер үлкендерге құрмет пен мейірімділік танытып, оларға көтеріңкі көңіл күй мен рухани жылулық сыйлады.

Бұл әлеуметтік-экологиялық бастама БҰҰ-ның бірнеше Тұрақты даму мақсаттарымен тікелей байланысты:

  • 3-мақсат: Жақсы денсаулық және әл-ауқат — мекемеде тазалықты сақтау және жайлы өмір сүру жағдайларын жасау қариялардың дене және психологиялық саулығын сақтауға тікелей ықпал етеді;

  • 11-мақсат: Тұрақты қалалар мен елді мекендер — акция аға буын өкілдерін қоса алғанда, халықтың барлық санаты үшін қауіпсіз, қолжетімді әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған;

  • 12-мақсат: Жауапты тұтыну және өндіріс — студенттер қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың, тазалықты сақтаудың және ортақ кеңістікті ұқыпты күтіп-ұстаудың маңыздылығын іс жүзінде көрсетті;

  • 17-мақсат: Мақсаттар жолындағы серіктестік — іс-шараны өткізу университет пен әлеуметтік мекемелер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, қоғамдық солидарлық пен өзара көмек мәдениетін дамытуға ықпал етеді.

Мұндай бастамалар жас ұрпақты тәрбиелеуде ерекше маңызға ие. Олар студенттердің бойында үлкенге құрмет көрсету, азаматтық жауапкершілікті сезіну қасиеттерін дамытып, оларды қоғамдық маңызы бар жобаларға белсенді қатысуға ынталандырады. «Мейірім» қарттар үйіндегі бұл акция университет берген білім мен тәрбиенің, сондай-ақ тұрақты даму қағидаттарының өмірдегі нақты көрінісіне айналды.

Тазалық – мәдениеттің белгісі, ал қамқорлық – адамгершіліктің биік көрінісі!