Ғылым мен өндірістің тоғысы: ҚазҰУ мен «ҚазСтандарт» арасындағы ғылыми-әдістемелік ынтымақтастық кеңеюде — ҚазҰУ

Ғылым мен өндірістің тоғысы: ҚазҰУ мен «ҚазСтандарт» арасындағы ғылыми-әдістемелік ынтымақтастық кеңеюде

9 қараша 2026
Ғылым мен өндірістің тоғысы: ҚазҰУ мен «ҚазСтандарт» арасындағы ғылыми-әдістемелік ынтымақтастық кеңеюде

2026 жылғы 9 қарашада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылым және инновациялық қызмет департаменті (ҒИҚД), Физика-техникалық факультеті Жылуфизика және техникалық физика кафедрасы өкілдері мен «Қазақстан стандарттау және метрология институты» РМК (ҚазСтандарт) мамандары арасында Zoom платформасында онлайн форматта маңызды жұмыс кездесуі өтті.

Кездесудің басты мақсаты — техникалық реттеу, өлшем бірлігін қамтамасыз ету, стандарттау және метрология салаларында университеттің ғылыми ғалымдары мен зертханаларына кешенді ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мен өндіріске енгізу бағытында өзара тиімді серіктестікті орнату.

Жиын барысында ҚазСтандарт өкілдері университеттер мен ғылыми ұйымдарға арналған «Ғылым үшін бірыңғай терезе» бастамасы мен коммерциялық қолдау модельдерін таныстырды. Кездесуде университет зертханаларын халықаралық ISO/IEC 17025 және ISO/IEC 17065 стандарттарының талаптарына сәйкес аккредиттеуге дайындау, зертханалық жабдықтарды сынақтан өткізу және калибрлеу, сондай-ақ ғылыми қызметкерлер мен оқытушылардың біліктілігін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Сонымен қатар, ҒИҚД және кафедра өкілдерімен бірге ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін ұлттық және мемлекетаралық стандарттарға (ҚР СТ) енгізу, ғылыми жобаларды коммерцияландыру және университетте жасалған отандық өнімдерді сыртқы нарыққа экспорттауға дайындаудың жол карталары қаралды.

Аталған институционалдық серіктестік БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жүзеге асыруға тікелей бағытталған:

  • 4-мақсат: Сапалы білім — ғылыми қызметкерлердің, оқытушылар мен студенттердің метрология, аккредиттеу және сапаны басқару саласындағы кәсіби құзыреттіліктерін арттыруға және білім беру бағдарламаларын заманауи халықаралық талаптарға сай жаңартуға ықпал етеді;

  • 9-мақсат: Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым — университеттің ғылыми-зертханалық инфрақұрылымын халықаралық деңгейде аккредиттеуге, инновациялық ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге және отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасайды;

  • 17-мақсат: Мақсаттар жолындағы серіктестік — мемлекеттік стандарттау институты мен ұлттық зерттеу университеті арасындағы тұрақты стратегиялық байланысты нығайтады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ғылыми жобаларды сараптамалық сүйемелдеу, нормативтік-техниқалық базаны талдау және зертханаларды сертификаттау бойынша бірлескен іс-шараларды тұрақты негізде өткізуге келісті. Мұндай ауқымды ынтымақтастық университет ғалымдарының идеяларын бастапқы концепциядан өндіріске дейін жеделдетіп, еліміздің ғылыми-техникалық және инновациялық әлеуетін нығайтуға зор үлес қосады.