ҚазҰУ-да Қазақстан халқының тілдері апталығы өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай ұйымдастырылған дәстүрлі апталық мәресіне жетті.
Бір апта бойы оқу орнының барлық факультеттерінде студенттер мен оқытушылардың қатысуымен ғылыми-семинарлар, мәдени-танымдық дәрістер, пікірталастар мен кездесулер өтті. Іс-шаралар барысында тілдің қоғамдағы орны, ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы маңызы, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және көптілді білім берудің ерекшеліктері кеңінен талқыланды.

Апталық аясында ҚазҰУ қалашығындағы «Мәңгілік ел» сағаты маңында «Тіл. Өнер. Бірлік: ұлт рухының үні» тақырыбында мәдени-танымдық іс-шара өтті. Мерекелік бағдарлама студенттік «Farab» ансамблінің «Халықтар достастығы» биімен ашылды.

«Фараби сазы» оркестрі қазақ халқының дәстүрлі күй өнерінің таңдаулы туындыларын орындады. Атап айтқанда «Ертұран» және «Балбырауын» күйлері орындалып, ұлттық музыка өнерінің терең мазмұны мен тарихи-мәдени маңызы кеңінен насихатталды.

Кештің поэзиялық бөлігінде студенттер әлем халықтарының тілдерінде көркем шығармаларды мәнерлеп оқып, тілдің рухани қазына ретіндегі биік рөлін танытты.

Бұдан бөлек, бағдарлама аясында химия ғылымының докторы, профессорлар Ердос Оңғарбаев пен Гаухар Бурашева студенттерге арнап көшбасшылық дәріс өткізді.

Қазақстан халқының тілдері күніне орай өткен апталыққа студенттер мен оқытушылар белсене қатысты.







Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі