«Алматы – жүрегімде»: ҚазҰУ-да қала күніне арналған музыкалық кеш өтті — ҚазҰУ

«Алматы – жүрегімде»: ҚазҰУ-да қала күніне арналған музыкалық кеш өтті

18 қыркүйек 2026
«Алматы – жүрегімде»: ҚазҰУ-да қала күніне арналған музыкалық кеш өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қала күніне орай «Алматы – жүрегімде» атты музыкалық кеш өтті. Мерекелік концерт Алматының көркем келбетін, қайталанбас рухын және қалаға деген ыстық ықыласты музыка мен өнер тілі арқылы жеткізуге арналды.

Кеш барысында университеттің шығармашылық ұжымдары, студенттік би ансамблі, ұлттық аспаптар оркестрі мен ART-орталықтың вокалистері өнер көрсетіп, көрерменге мазмұнды музыкалық бағдарлама ұсынды.

Концерттік бағдарламада Алматыға арналған танымал әндер мен музыкалық шығармалар орындалды. Атап айтқанда, көрермендер «Сағындым Алматымды», «Бақыт деген», «Қатыгездеу Алматы», «Алматы түні», «Желдірме», «Гүл Алматы», «Алматының кешінде», «Көзімнің қарасы» сынды шығармаларды тыңдады. Сондай-ақ Алматы туралы әндерден құралған попурри орындалып, домбыра мен қобыздың әуезді үні, гитара және саксофон сүйемелдеуімен музыкалық композициялар ұсынылды.

Мерекелік кештің көркемдік бағдарламасында студенттердің би қойылымдары да ерекше орын алды. «Freshman» биі мен түрікмен биі көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйласа, «Алматының кешінде» шығармасы мюзикл элементтерімен сахналанып, музыкалық қойылым түрінде ұсынылды.

Кеш барысында Алматының символдарының бірі саналатын апорт алмаларының студенттерге таратылуы да мерекелік бағдарламаның мазмұнын толықтырды. Қаланың тарихы мен табиғи ерекшелігін айшықтайтын апорт студенттерге ұсынылып, Алматыға деген жылы ықыластың өзіндік белгісіне айналды.

Музыкалық кештің негізгі мақсаты – студент жастардың шығармашылық әлеуетін таныту, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыру және Алматының мәдени-рухани келбетін университет жастарының өнері арқылы дәріптеу.

Әсем әуен мен студенттердің шығармашылық өнері тоғысқан кеш қалаға деген сүйіспеншілікті сезіндіре отырып, Алматының әрбір тұрғыны үшін ыстық мекен екенін тағы бір мәрте айқындады.