ҚАЗҰУ-ДЫҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРЫ ҰЛТ БОЛАШАҒЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ — ҚазҰУ

ҚАЗҰУ-ДЫҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРЫ ҰЛТ БОЛАШАҒЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

24 қыркүйек 2026
ҚАЗҰУ-ДЫҢ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРЫ ҰЛТ БОЛАШАҒЫНА ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаевтың

"Ана тілі" газетінде жарық көрген  сұхбаты

– Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев әл-­Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми ­қауымдастықпен кездесті, маңызды баяндама жасады. Қазақстанды Еуразиядағы жетекші ғылыми, технологиялық орталықтардың біріне айналдыру міндеті қойылды. Осы бағытта қара шаңырақ ҚазҰУ-да атқарылып жатқан жобалар төңірегінде айтып өтсеңіз...

– Қазақстан Республикасының ­Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы келген сапары оқу орны үшін аса маңызды әрі тарихи оқиға болды. Өйткені Мемлекет басшысы зерттеу университеттерін еліміздің ғылыми-технологиялық дамуы мен жаңғыруының басты қозғаушы күштерінің бірі ретінде айқындады. Президент өз сөзінде «Университет – зерттеу – инновация – коммерция» экожүйесі біртіндеп пайда болып жатыр. Ғылым қалашықтары салынып, технология парктері және инжиниринг орталықтарының құрылысы басталды» деп атап өтіп, білім мекемелерінің нақты өндіріспен байланысы нығайып жатқанын баян етті. Сондай- ақ, ғылым саласындағы қазіргі жағдай мен өзекті мәселелерге сыни тұрғыдан баға беріп, Үкімет пен ғылыми-академиялық қоғамдастыққа айрықша жауапкершілік жүктеді. Ел ғалымдарына үндеу жасап, «Қазақстанның ертеңі қандай болатыны, инновациялық және озық елге айналу мүмкіндігі сіздердің идеяларыңызға, зерттеулеріңізге, жасаған еңбектеріңіз бен ашқан ғылыми жаңалықтарыңызға тікелей байланысты. Күш-жігер біріктіріп, Қазақстанды Еуразиядағы жетекші ғылыми, технологиялық орталықтардың біріне айналдыра аламыз. Мен бұған сенімдімін» деп үлкен үміт артты. Еліміздің жаңартылған Конституциясына сәйкес, ғылымды дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі стратегиялық бағыттарының бірі ретінде танылды. Жоғары оқу орындарын қолдау, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын жетілдіру және ғалымдардың кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасау конституциялық міндеттердің қатарына енгізілді. Осыған сәйкес, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жан-жақты жол картасы әзірленіп, жоспарланған тапсырмаларды іске асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Қазіргі сәтте ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымы 8 ғылыми-зерттеу институты, 39 ғылыми орталық және 140-тан астам зертхананы біріктіреді. 400-ге жуық ғылыми әзірлеме жүзеге асырылуда, ал 2024–2025 жылдары тартылған инвестиция көлемі 110 миллион АҚШ долларын құрайды. 50-ден астам жаңа заманауи зертхана іске қосылды.

Атап айтқанда, 2024 жылы экономиканың нақты секторына ғылыми әзірлемелерді енгізуге арналған Farabi Hub инновациялық өнімдер және жоғары технологиялық жобалар орталығы бой көтерді. Аумағы – 5 000 шаршы метр.

Пайдаланылмай тұрған ескі автотұрақ ғимаратына 20,55 млн доллар инвестиция тартылып, күрделі жөндеуден өтті. ZTE, Huawei, Samsung, NVIDIA, Ericsson корпорациясы, CNРS ұйымымен (Франция) және басқа Қытай, Сингапур, Германияның жетекші мекемелерімен әріптестік орнатып, креативті индустрия, жасанды интеллект және стартаптар саласында бірқатар жоба қолға алынды. 2024 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі келісімімен өнімділігі 2 000 терафлопс­ты құрайтын суперкомпьютер ҚазҰУ-да орнатылды. Орталық Азиядағы ең қуатты академиялық кластерге 23 миллион доллар инвестиция салынды. Архитектурасы Intel компаниясының 400-ден астам серверлік процессорын және NVIDIA компаниясының 30 серверін қамтиды. Суперкомпьютердің есептеу қуатын генетикалық зерттеулер жүргізуге, климаттық модельдеуге, машиналық оқыту алгоритмдерін әзірлеу­ге, үлкен деректерді (Big Data) өңдеуге пайдаланылады.

Жасанды интеллект технологияларын дамыту да белсенді түрде қолданылуда. Осы бағытта «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатыр.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Қазгидромет» пен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында ынтымақтастық орнатылды. Алматы қаласының прокуратурасымен бірлесіп қаладағы қылмыстың деңгейін анықтауға арналған интеллектуалды предиктивтік жүйе әзірленді. Академик Асқар Жұмаділдаев алгебра саласындағы күрделі ғылыми есептерді шешумен айналысуда. Бұған қосымша, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Сейсмология институтымен бірлесіп сейсмобақылаудың автоматтандырылған жүйесін әзірлеуге бағытталған ғылыми жоба қолға алынды. Қазақстан-Қытай бірлескен «Қашықтықтан зондтау және қолдану технологиясы» зертханасы 2024 жылы ашылып, ҚХР Ғылым академиясы Шыңжаң экология және география институтынан 1,95 млн доллар қаржы тартылды. Орталық Азиядағы климаттық өзгерістерді, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы, су тапшылығын зерттейді. Бүгінгі таңда экологиялық мониторинг бойынша 76 миллион жазбаны қамтитын бірегей бірыңғай деректер базасы қалыптастырылды. 2050 жылға дейінгі климаттың өзгеруін бағалау мақсатында 60-тан астам тақырыптық карта әзірленді. Бақылау нәтижесі соңғы 30 жылда шөлейттену аумағының 17,3 пайызға ұлғайғанын көрсетті. Арал және Каспий теңіздері аумақтарында жүргізілген бірлескен зерттеулердің нәтижелері Экология және табиғи ресурстар министрлігіне жолданды. 2024 жылы зертхана мамандары Батыс Қазақстан өңіріндегі су тасқыны кезінде төтенше жағдайлар штабының жұмысына қатысып, дрондар мен ғарыштық түсірілімдер арқылы мониторинг жүргізді. Зерттеулерде қашықтан зондтау деректері, ұшқышсыз ұшу аппараттары, жоғары дәлдіктегі LiDAR-түсірілім мен жасанды интеллект әдістері кеңінен қолданылуда.

2024 жылы Қасым-Жомарт ­Кемелұлының ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөзі нәтижесінде ҚазҰУ мен Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университеті микроспутник арқылы ғылыми зерттеулер жүргізуді келісті. Солтүстік-Батыс политехникалық университеті ғарышқа наноспутниктерді ұшыру бойынша алдыңғы қатарда. 2025 жылы күзде ҚазҰУ мен СБПУ-дың бірлескен наноспутнигі Қытайда орбитаға шығарылды. Екі оқу орнының ғалымдары бірлесіп 6U өлшеміндегі NKSAT спутнигін ұшыруға дайындық үстінде. Бұл Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы университеттік микроспутник болмақ. Ол Жердің гравитациялық өрісін және радиациялық сәулені өлшейді, геологиялық барлау жүргізеді. Университет базасында Ғарыштық технологиялар орталығы жұмыс істейді, енді жерүсті станциясын орнату жоспарлануда.

2024 жылы Қазақстан Президентінің Сингапурға жасаған сапары кезінде бірқатар сингапурлық компаниялармен ынтымақтастық орнатылды. Көп ұзамай университетімізде Қазақстан-Сингапур Кванттық технологиялар орталығы өз қызметін бастады. Бұл Орталық Азиядағы кванттық технологиялар бойынша алғашқы ғылыми мекеме. Кванттық технологияларды дамытқан елдер ақпараттық қауіпсіздік, байланыс, жаңа материалдар, тіпті медицина саласында үлкен артықшылыққа ие. Мекеме құрамында бес зертхана жұмыс істейтін болады: кванттық байланыс және қауіпсіздік, кванттық материалдар, кванттық компьютерлер, кванттық сенсорлар және кванттық медицина. Алдағы уақытта университеттің кванттық желісін құрып, орталықты толыққанды ғылыми-зерттеу институтына айналдыруды жоспарлап отырмыз.

2024 жылы университет базасында Индустрия 4.0 бағытындағы инженерлік кадрларды даярлап, роботтандырылған жүйелерді сынақтан өткізетін Farabi Robotics орталығы құрылды. Дүниежүзілік банк 1 млн доллар грант бөлді. Astana Motors Manufacturing Kazakhstan, Hyundai Trans Kazakhstan сынды ірі өнеркәсіптік компаниялармен келісімдер жасалды.

Автоматтандыру және робототехника саласында Германияның KUKA өнеркәсіптік роботтары негізінде мамандар даярлауға арналған оқу бағдарламалары әзірленді. Ал 2025 жылы Президенттің Қытай Халық Республикасына (Бейжің қаласы) жасаған сапары аясында қытайлық компаниямен Робототехника орталығын ашу туралы келісімге қол қойылды. «Цифрлық технологиялар және робототехника» халықаралық институты 600 шаршы метр аумақта орналасқан. Заманауи технологиялар мен жасанды интеллект негізінде бес инновациялық платформа құрылды. 13 интеллектуалды робот өндірістің әрбір кезеңінің өзара байланысын қамтамасыз етіп, күрделі автоматтандырылған жүйелерді меңгеруге мүмкіндік береді. Құйылған инвестиция – 3,38 млн доллар.

2026 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен «Aerial Solutions» ЖШС Бірлесіп Ұшқышсыз авиацияны дамыту инновациялық орталығын таныстырды. 14 млн доллар инвестиция тартылған құрылым шеңберінде отандық ұшқышсыз ұшу аппараттарының озық үлгілерін әзірлеу, заманауи оқу-өндірістік зертханалар мен сынақ алаңдарын қалыптастыру, дуалды білім беру мен сертификаттау жүйелерін енгізу көзделген. Сонымен қатар дрон технология­лары мен оларға қатысты қызметтерді ішкі және сыртқы нарыққа шығару, стартап бастамаларды қолдау және ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру бағыттары қарқынды дамытылатын болады.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы мамандандырылған ғылыми-білім беру орталығы – Ми институты биыл іске қосылды. Тың ізденістер 3 Тесла магниттік-резонанстық томографы, ANT Neuro жоғары тығыздықтағы ЭЭГ жүйелері, функционалдық жақын инфрақызыл спектроскопия (fNIRS) технологиялары, жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау әдістерімен жүргізіледі. Институт когнитивтік, мінез-құлықтық, есептеу нейроғылымы және нейролингвистика зертханаларын біріктіреді. Мидың қалыпты және патологиялық дамуын зерттеу, когнитивтік функцияларды талдау, нейродегенеративті ауруларды зерделеу және болжамдық биомаркерлер әзірлеу бағытын қамтиды.

Инвестиция көлемі – 5,7 млн доллар.

ҚазҰУ базасында екі жылдан бері экология мен табиғатты пайдалану саласында Тұрақты даму ғылыми орталығы, PolyU-KazNU халықаралық орталығы, ал химия-фармацевтика бағытында Farabi Chem Science кластері, Дәрілік өсімдіктер орталығы табысты еңбек етуде. CNRS ұйымымен бірлескен ZooStan орталығы археология мен палеоантропология арқылы тарихи сананы жаңғыртуға үлес қосуда. Байқап отырсаңыз, ғылыми зертханалардың басым бөлігі 2024 жылы қара шаңырақтың 90 жылдық мерейтойына тарту етілді. Сонымен қатар өткен жылы қалашықта тұтынылатын энергияның 35 пайызын үнемдейтін күн панельдері орнатылды. Қазіргі таңда университет базасында жалпы құны 1 млрд 250 млн теңге болатын төрт ірі жоба коммерция­ландырылды.

Қасым-Жомарт Кемелұлына осы зертханалардың бір парасы таныстырылды.

Президент ҚазҰУ-дың даму стратегиясын оң бағалап, «Осы жиынның алдында мен Farabi Hub жұмысымен танысып шықтым. Озық технологиялар мен инновациялық жобаларды жүзеге асыратын осындай заманауи хабтар мемлекетіміздің өркендеуі үшін аса қажет. Шын мәнінде дамыған қуатты мемлекет боламыз десек, елімізде мұндай орталықтар көптеп салынуы керек. Бұл жобаға сәттілік тілеймін» деп, ғылыми зерттеулерді өндіріспен ұштастыру бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл – біздің ұлттық мүдде мен технологиялық бәсекедегі негізгі бағытымыз.

– Президент сол кездесуде ұлттың менталитетін өзгерту және сана революциясын жасау жөнінде айтты. Осы бір тағдыршешті қадамды жасау­дағы университет, жалпы жоғары оқу орындарының миссиясы мен міндеті қандай?

– Мемлекет басшысы атап өткен ұлт менталитетін жаңғырту мен сана революциясын жүзеге асыруда университеттердің рөлі айрықша. Біздің пайымымызда, жоғары білім беру жүйесі тек кәсіби маман даярлайтын шеберхана емес, ол – жаңа ойлау мәдениетін қалыптастыратын, азаматтық жауапкершілігі жоғары «интеллектуалды ұлтты» тәрбиелейтін стратегиялық институт. Осы тұрғыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің миссиясы – білім мен ғылымды дамыту арқылы интеллектуалдық көшбасшылықты қамтамасыз ете отырып, ұлттық бірегейлігімізді жаһандық кеңістікте дәріптеу. Біз үшін «сана революциясы» – ең алдымен, ұлттық құндылықтарға табан тіреп, заман ағымына икемделу. Инновацияға бейім, бірақ өз тамырынан ажырамаған, жаһандық бәсекеге қабілетті «Адал азамат» тұлғасын қалыптастыру. Қазіргі жаһандық сын-қатерлер дәуірінде басты бағдар ретінде University 5.0 моделіне көшуді қолға алдық. Бұл тұжырымдаманың өзегінде «Адам – Планета – Өркендеу» қағидаты тұр. Қарапайым тілмен түсіндіргенде, цифр­лық технологиялар мен жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін халықтың әл-­ауқатын арттыруға, қоршаған ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге және ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға тиімді пайдалану. Университетті жай ғана білім ордасынан «стратегиялық шешімдер орталығы» форматына көшіріп жатырмыз. Егемендігіміздің тірегі саналатын су ресурстарының тапшылығы, энергетикалық тәуелсіздік және технологиялық дербестік секілді мәселелерге ғалымдар жүйелі әрі ғылыми негізделген жауап ұсынуы қажет. Осылайша университет мемлекеттің интеллектуалдық іргетасы әрі негізгі ғылыми-технологиялық серіктесі ретінде қарқынды қызмет атқарады.

– Қазақстан қоғамында ұлттық бірегейлікті сақтаудың басты тетіктері ретінде нені айтар едіңіз?

– Жоғарыда сөз болған «сана революциясы» ұлттық тамырдан ажырамауы тиіс. Ол халқымыздың төл құндылықтары мен ұлттық бірегейлігіне сүйенген жағдайда ғана өз нәтижесін береді. Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, жаңғыру жолындағы басты бағдарымыз – ұлттық кодты сақтау. Ректор ретінде мен бұл бірегейлікті сақтаудың үш негізгі тетігін бөліп көрсетер едім.

Біріншіден, бұл – мемлекеттік тілдің ғылымдағы үстемдігі. Бірегейліктің бірінші белгісі – тіл. Қазіргі заманда тіл тек әдебиет деңгейінде қалмауы керек. Президенттің «қазақ тілі – ғылым мен техника тіліне айналуы тиіс» деген тапсырмасын естен шығармауымыз қажет. Университетте қазақ тіліндегі сапалы ғылыми еңбектерді, оқулықтарды және ғылыми терминдерді дамыту арқылы жастардың ғылымды ана тілінде меңгеруіне мүмкіндік жасап, білімді буын қалыптастырамыз.

Екіншіден, бұл – тарихи жадымыз­ды сақтау және әл-Фараби мұрасын қазіргі заманмен сабақтастыра білу. Сана революциясы – өткенді сызып тастау емес, өткеннің асылын бүгінгінің қажетіне жарату. Университет қабырғасында «Адал азамат» идеясын әл-Фарабидің парасаттылық туралы ілімімен ұштастырып отырмыз. Өйткені ұлттық бірегейлік дегеніміз – өз тамырыңды терең сезіну. Егер жастарымыз әлемдік деңгейдегі маман болып қана қоймай, өз тарихын, мәдениетін мақтанышпен қабылдап, дәріптесе, міне, нағыз жеңіс осы.

Үшіншіден, бұл – оқшауланудан арылу, яғни бәсекеге қабілеттілік. Осы тұста Президенттің стратегия­лық бағыттарына қайта оралсақ: біз төрткүл дүниеге ашықпыз, бірақ өз болмысымызды жоғалтпаймыз. Университеттің шетелдік филиалдарының ашылуы, халықаралық рейтингтердегі биік орнымыз – бұл ұлттық бірегейліктің жаһандық деңгейдегі паш етілуі. Ғаламдық аренада өзіміздің қазақстандық ғылым мектебін, өзіндік академиялық мәдениетімізді таныту арқылы бірегейлігімізді нығайтамыз. Мәселен, 2022 жылы Бішкек, Ыстанбұл және 2024 жылы Омбы қалаларында ашылған ҚазҰУ филиалдары университеттің сыртқы байланыс­тарын кеңейтіп, жаһандық білім беру кеңістігіндегі орнын нығайтты. ҚазҰУ базасында 2022 жылдан бастап Ұлттық ядролық зерттеу университетінің (МИФИ) филиалы ядролық физика және ақпараттық қауіпсіздік салаларында білікті мамандар даярлауда. 2023 жылы ашылған Қытай Халық Республикасының Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы электроника, материалтану және ақпараттық технологиялар бағыттары бойынша білім береді.

Университет 700-ден астам жетекші жоғары оқу орнымен тұрақты серіктестік орнатқан. Соңғы бес жылда 420 келісім мен меморандумға қол қойылып, 60-тан астам қосдипломдық бағдарлама іске қосылды. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да дүниежүзінің 54 елінен келген 7 мыңнан астам шетелдік студент білім алуда. Оқытушылардың академиялық ұтқырлығы айтарлықтай артты: 2021 жылы шетелдік тағылымдамаларға 78 оқытушы қатысса, 2025 жылы 722 оқытушы тағылымдамадан өтті. Академиялық сапарлар Гарвард, Оксфорд, Сингапур ұлттық университеті, Токио университеті, Сеул ұлттық университеті және басқа да жетекші оқу орындарын қамтыды. Соңғы жылдары АҚШ, Еуропа және Азия елдерінен келген шетелдік профессорлар мен зерттеушілердің университеттегі үлесі тұрақты түрде артып келеді. Студенттердің халықаралық академиялық ұтқырлығы да жүйелі дамып отыр. 2021 жылы шетелдік білім беру бағдарламаларына шамамен 250 студент қатысса, 2025 жылы 965 студент Жапония, Италия, Қытай, Германия және басқа елдерде білім алды. Сонымен қатар магистранттар мен докторанттар University of Tsukuba, Université Grenoble Alpes, МИФИ, University of Tokyo, National University of Singapore сияқты жетекші ғылыми мекемелерде тәжірибе жинақтады. Түйіндей айт­қанда, ұлттық бірегейлікті сақтау – оны тұмшалау емес, керісінше ұлттық құндылықтарды жаһандану дәуірінің ғылыми-технологиялық тілінде жаңаша жеткізе білу. Жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және озық елдердің білім мен ғылым жетістіктерін игеру. Біздің студенттер – ертеңгі әлемдік деңгейдегі кәсіби мамандар, бірақ олардың жүрегінде «қазақ» деген рух пен мемлекетшілдік асқақ тұруы тиіс. Осы тетіктер толыққанды жүзеге асқанда ғана «сана революциясы» өз жемісін береді.

Жастардың жетістігі – еңбек пен тәртіпте

– Сіз бұрын да, қазір де жастармен тікелей жұмыс істеп отырсыз. Жастардың азаматтық белсенділігі мен жауапкершілігін арттыру үшін қандай құндылықтарды алдыңғы қатарға шығаруымыз қажет деп ойлайсыз? Жастардың рухани сұранысы мен мәдени талғамы жөнінде пайымыңыз қандай?

– Қазіргі буын өте прагматик, еркін ойлы және ақпаратты қас қағым сәтте игеретін ерекше ұрпақ. Оларға жалаң ұрандар мен құрғақ ақыл айту еш нәтиже бермейді. Сондықтан жастардың азаматтық белсенділігін арттыруды жоғарыда айтқан «саналы өмір сүру» қағидатымен тікелей байланыстыруымыз керек. Бұл дегеніміз – әрбір қадамды мақсатпен, жауапкершілікпен және оның қоғамға тигізер әсерін ескере отырып жасау. Жауапкершілік, әділеттілік және адалдық сияқты іргелі құндылықтар жастардың күнделікті өмірлік дағдысына айналуы қажет. Әсіресе құқықтық мәдениет пен заңды құрметтеу – белсенді азаматтың басты белгісі. Егер студент өз білімін адал жолмен алып, қоғамдық тәртіпті сақтауды өз міндеті деп білсе, бұл – «Адал азаматтың» нақты бейнесі. Біз айтып отырған «сана революциясы» мен «ұлттық бірегейлік» мәселелері де осы жастардың азаматтық жауапкершілігінен көрініс тапқаны жөн. Мемлекет басшысы «Біз жастарға еңбек пен тәртіптің қаншалықты маңызды екенін түсіндіруіміз керек. Себебі, бұл – табысқа жетудің көзі. Азаматтарымыз жаңа дәуірде құқықтық сауатсыздық, әлеуметтік масылдық, жөнсіз сөз бен орынсыз сынның еш пайдасы жоқ екенін білуі қажет. Мұның бәрі – еліміздің өсіп-өркендеуіне бөгет болатын кедергілер» деп атап өтті. Өкінішке қарай, қоғамда «университет кәмелет жасына толған жастарға тәрбие бермеуі керек, оның міндеті тек білім беру ғана» деген ұғым қалыптасқан.

Алайда бұл көзқарас жоғары білім беру жүйесінің шынайы миссиясын толық ашып көрсетпейді. Әрине, университет – мектеп емес, студенттер де бала емес. Бірақ бұл тәрбие мәселесі жоғары оқу орнының жауапкершілігінен толықтай алынып тасталады деген сөз емес. Университеттің басты міндеті – кәсіби маман даярлаумен қатар, азаматтық ұстанымы берік, қоғамдық жауапкершілігі жоғары, мәдениеті мен адамгершілік құндылықтары қалыптасқан тұлға тәрбиелеу. Бүгінгі еңбек нарығы тек дипломы бар маманды емес, командада жұмыс істей алатын, этикалық нормаларды сақтайтын, заңды құрметтейтін, сыни ойлайтын және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азаматтарды қажет етеді. Мұндай қасиет­тер аудиториядағы дәріспен ғана емес, университеттік орта, тәрбие жұмысы, тәлімгерлік институты және студенттік өмір арқылы қалыптасады. Білім адамның кәсіби әлеуетін дамытса, тәрбие оның тұлғалық болмысын қалыптастырады. Осы екі бағыт үйлескен кезде ғана университет қоғамға білікті маман ғана емес, толыққанды азамат ұсына алады.

Ал жастардың рухани сұранысы мен мәдени талғамына келсек, бүгінгі буын жаңашылдыққа бейім, бірақ сонымен қатар терең мағына мен мазмұнға зәру.

Қазір «креативті индустрия» дәуірі салтанат құруда, олардың талғамы жаһандық деңгейде қалыптасып жатыр. Біздің міндетіміз – жастарды тек дайын өнімді тұтынушы емес, ұлттық кодқа негізделген, бірақ әлемдік стандартқа сай келетін жаңа мәдени құндылықтарды қалыптастырушы болуға бағыттау. Қазіргі жастар дәстүрді ескілік деп емес, жаңа стильдегі этно-модерндік бағыт ретінде қабылдауға бейім. Бұл үрдіс олардың еркіндігі мен даралығын көрсеткенімен, сол еркіндік жауапкершілікпен ұштасқанда ғана шынайы мәдени кемелдікке жол ашады. Жаһандану жағдайында өз тамырынан ажырамау, ұлттық мәдениет пен тілді қадірлеу – жастардың тұлғалық тұтастығының кепілі. Университетте өнер мен ғылымның, ұлттық рух пен жоғары технологияның үндестігін біріктіру арқылы осы тұтастықты сақтаймыз. Жастарға жетістікке жетудің қысқа жолы жоқ екенін, шынайы биіктік тек табандылық пен саналы еңбек арқылы келетінін түсіндіру парыз.

Қазіргі интеллигенция заман талабына бейімделуі қажет

– Ақпараттық кеңістіктегі өзгеріс­тер, оның ішінде әлеуметтік желілер, цифрлық медианың қарқынды дамуы қоғам санасына қалай ықпал етіп отыр? Біздің ұлттық мінез-құлқымыз өзгеріп бара жатқан жоқ па?

– Бұл сұрақ бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселенің бірі. Ақпараттық технологиялар мен әлеуметтік желілер қарым-қатынас құралы болумен қатар, сананы трансформациялаушы қуатты күшке ие болды. Ректор ретінде мен бұл үдерістің екі қырын көріп отырмын. Ең алдымен цифрлық медиа ойлау жылдамдығымызды арттырып, әлемдік ақпарат ағынына жол ашты. Алайда оның кері әсері де жоқ емес. Қазіргі қоғамда «клиптік ойлау» белең алып барады. Адамдар терең ақпараттан гөрі, беткі қабаттағы қысқа, жылтырақ мазмұнға үйір. Бұл үдеріс байырғы ұлттық мінез-құлқымыз­ға, әсіресе сабырлылық пен парасаттылыққа, ой толғау мәдениетіне айтарлықтай салмақ салып отырғаны жасырын емес. «Ұлттық мінез-құлық өзгеріп бара жатқан жоқ па?» дегенге келсек, «өзгеру» емес, «сынақтан өту» деген терминді қолданар едім. Халқымызға тән қонақжайлылық, бауырмалдық, үлкенді сыйлау сияқты қасиеттер қазір виртуалды әлемнің прагматизмімен бетпе-бет келді. Әлеуметтік желілердегі индивидуалдылыққа ұмтылыс, кейде орын алып жататын агрессия мен жағадан алу – осы жаһандық цифр­лық мәдениеттің ықпалы. Әсіресе әлеуметтік желілердегі әлімжеттіктің күшеюі ерекше назар аударуды қажет етеді. Цифрлық кеңістік пікір алмасу мен ақпарат тарату алаңы болғанымен, соңғы жылдары онда қорлау, тіл тигізу, айыптау, кибербуллинг және тілдік зорлық-зомбылық көріністері жиілеп барады. Кейбір пайдаланушылар әлеуметтік желіні жауапты пікір білдіру алаңы емес, өзгені кемсіту, қаралау немесе қоғамдық қысым мен шабуыл жасау құралы ретінде қабылдайды. Сондықтан университеттер мен білім беру ұйымдары жастардың медиасауаттылығын арттырумен қатар, цифр­лық этика мен онлайн мәдениетті қалыптастыруға да басымдық беруі тиіс. Әлеуметтік желідегі еркіндік жауапкершілікпен ұштасқанда ғана оның қоғамға пайдасы артады. Сондықтан әлеуметтік желідегі агрессиямен күрес құқықтық шаралармен қатар, тәрбие, білім және қоғамдық мәдениет арқылы жүзеге асырылса құба-құп.

Цифрлық дәуірде ұлттық мінезді сақтаудың жолы – ұлттық мазмұнды цифрландыру. Егер әлеуметтік желілерде өз құндылықтарымызды заманауи, тартымды форматта ұсына білсек, мінезіміз бұзылмайды, керісінше, жаңа сапаға ие болады. Жастарымыз әлемдік цифрлық кеңістікте өзінің «қазақы болмысын» мақтанышпен көрсете алатын дәрежеге жетуі керек. Сонда ғана ақпараттық ағын ағызып кетпейді, сол ағынның бағытын өз мүддемізге бұра аламыз.

– Жалпы қазір интеллигенция қандай болуы қажет? Яғни саяси, мәдени интеллигенция ғана емес, жалпы осы категория туралы айтсаңыз. «Зиялы қауым» ұғымының мазмұны өзгерді ме?

– Бүгінгі таңда интеллигенция ұғымы сапалық өзгерістен өтіп жатыр. Оны тек саяси немесе мәдени саламен шектеу тар түсінік. Қазіргі заман интеллигенция­сы – бұл, ең алдымен, жауапкершілікті өз мойнына алатын кәсіби мамандар қауымдастығы. Бұрын зиялы қауым деп тек сөз шеберлерін айтсақ, бүгінде бұл қатарға ғалымдар, инженерлер, жаңа технология тілін меңгерген технократтар қосылды. Олар құрғақ теориядан гөрі, нақты ғылыми шешімдерімен ел дамуына үлес қосатын іс адамдары. Дәл осы қауым біз айтқан «сана революциясының» басты қозғалтқышы болып табылады. Жоғарыда атап өткен ақпараттық тасқын мен цифрлық дәуірде интеллигенцияның рөлі тіпті арта түсті. Олар қоғам үшін «сапа сүзгісі» мен «интеллектуалдық бағдаршам» міндетін атқаруы міндет.

Соңғы кездері өзін «зиялы қауым» қатарына жатқызатын, бірақ оның мәндік өлшемдеріне толық сәйкес келмейтін «тұлғалар» пайда болды. Кей жағдайда жеке азаматтар немесе шағын топтар ақпараттық кеңістікті манипуляция құралы ретінде пайдаланып, жауапкершілік мәдениетін естен шығарып жатады. Кісіге жала жабу, беделін көпе-көрінеу түсіруге ұмтылу, әдейі аяқтан шалу, негізсіз айыптау, домалақ арыз жазу, түрлі интригалар ұйымдастыру қоғамнан толық жойылып кеткен жоқ. Кәсіби білім мен біліктілігі жан-жақты қалыптаспағанымен, түрлі айла-амалдың қыр-сырын меңгеріп, сол арқылы өз орнын сақтауға немесе ықпалын күшейтуге тырысатындардың бар екені жасырын емес. Нағыз зия­лылықтың негізгі өлшемі – жеке мүддені жоғары қою емес, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну, фактіге сүйену, этикалық нормаларды сақтау және қоғамдық келісімді нығайтуға ұмтылу. Шынайы зиялы қауым – қоғамды бөлмейтін, керісінше, біріктіретін, ойлануға жетелейтін, беделін жеке мүддеге емес, қоғамдық игілікке бағыттайтын тұлғалардан құралады. «Зиялы қауым» ұғымы бүгінгі күні тек әлеуметтік мәртебе емес, ең алдымен моральдық және интеллектуалдық жауапкершілік категориясы ретінде қарастырылуы тиіс. Қазақ қоғамында шынайы интеллигенция әрдайым ұлттың рухани тірегі болды. Бүгінгі басты миссия – жаһандану жағдайында ұлттық болмысты сақтай отырып, заман талабына бейімделу. Зиялылықтың асыл қасиетін жоғалтпай, сақтап қалу. Зиялы қауым елді алға сүйрейтін, көпшілікке ой салатын нақты күшке айналғанда ғана өзінің тарихи миссиясын толық орындайды және жаңа форматтағы интеллигенция­ға айнала алады.

– Қазақ мәдениетінің қазіргі даму бағытын қалай бағамдайсыз? Бізде бірнеше ірі стратегиялық рухани жобалар жүзеге асты, олардың практикалық нәтижесі жайында не айтар едіңіз?

– Қазақ мәдениеті қазір кездейсоқ бастамалар кезеңінен өтіп, жүйе­лі жаңғыру және институционалдық нығаю сатысына көшті. Осы уақытқа дейін жүзеге асқан мәдени бағдарламалардың ең басты практикалық нәтижесі – ұлттық санамыздың түлеуі және тарихи әділдіктің қалпына келуі болды.

Мәселен, «Мәдени мұра» аясында жәдігерлеріміз түгенделіп, тарихымыз жүйеленсе, кейінгі мақсат сол құндылықтарды жастардың бойына сіңіруге, яғни «мәдени кодты» тірілтуге бағытталды. Осылайша ұлттық құндылықтарымыз заман тілінде сөйлей бастады. Қазіргі қазақ мәдениеті бұл тек домбыра мен киіз үй емес, бұл – Димаш сияқты жаһандық феномендер, отандық киноиндустрияның жетістіктері, заманауи әдебиет пен IT саласындағы қазақтілді контент. Бүгінгі таңда негізгі басымдық ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, оны заманауи цифрлық ортаға бейімдеу. Университет қабырғасында бұл бағытта нақты нәтижелер бар: біріншіден, мәдениетті академиялық деңгейге көтердік. Оқу бағдарламаларына ұлттық құндылықтарды дәріптейтін арнайы пәндер енгізілді. Екіншіден, ҚазҰУ базасында фольклор, тіл және тарих бойынша іргелі ғылыми ұсыныстар жүзеге асып, шет мемлекеттерде жариялануда. Бұл төл мәдениетіміздің халықаралық академиялық ортадағы салмағын көрсетеді.

– Дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімі мәдени саясатта қалай көрінуі керек?

– Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біз озық ойлы ұлт болуымыз керек. Бәсекеге қабілетті ел болу үшін, ең алдымен, білім-ғылымды дамыту қажет», – деп үнемі айтып келеді. Бұл ой – дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырудың негізгі бағдары. Менің терең сенімім бойын­ша, дәстүр бізге «кім екенімізді» еске салса, жаңашылдық «кім бола алатынымызды» көрсетеді. Сондықтан мәдени саясатта бұл екі ұғым бірін-бірі жоққа шығармайтын «мазмұн мен форманың» бірлігі ретінде көрінуі тиіс. Бұл үйлесімді мынадай бағыттарда жүзеге асыруымыз керек: Біріншіден, ұлттық мұраны өміршең құндылыққа айналдыру. Дәстүрлі өнерді цифрлық форматта жаңғырту, тарихи мұраны заманауи креативті индустрия тілінде интерпретациялау – дәстүрдің жаңаша түлеуіне жол ашады. Екіншіден, ғылым мен өнердің тоғысуы. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ сияқты іргелі білім ордалары ұлттық дәстүрді ғылыми зерттеулермен және инновация­лық технологиялармен ұштастыратын негізгі орталық. Студентке Абайдың «Толық адам» концепциясын үйрете отырып, оны заманауи цифрлық құзыреттіліктерді игерген маман етіп тәрбиелейміз. Бұл – «озық ойлы ұлттың» нақты бейнесі. Үшіншіден, ұлттық бірегейліктің бәсекеге қабілеттілігі. Жаңашылдық дәстүрден бас тарту емес, бұл – ұлттық кодты жаһандық кеңістікте танытудың құралы.

Президент айтқандай, білім мен ғылымға сүйенген қоғам ғана рухани тамырынан ажырамай, болашаққа сенімді қадам жасай алады.

Адал азамат тәрбиелеу – ортақ міндетіміз

– Білім беру жүйесінде ұлттық құндылықтарды дәріптеудің үлгісі қандай?

– Заманауи университет тек кәсіби маман даярлап қана қоймай, рухани тұрғыдан кемел тұлға қалыптастыруы қажет. Сондықтан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ұлттық құндылықтарды дәріптеудің кешенді білім беру моделі қалыптасты. Бұл модельдің бірінші ерекшелігі – білім мазмұнының ұлттық таныммен сабақтастығы. Оқу бағдарламаларына енгізілген «Қазақстан тарихы», «әл-Фараби ілімі», «Тілтану» сияқты пәндер тек деректерді жаттатуға емес, оларды жаһандық үрдістермен ұштастыра отырып, пәнаралық ықпалдастық негізінде оқытуға бағытталған. Бұл студенттердің ұлттық құндылықтарды жай ғана білуіне емес, оны саналы түрде қабылдауына мүмкіндік береді. Екінші маңызды қыры – университеттің тәрбиелік және зияткерлік ортасы. Студент қазақы болмысты дәрісханадан бөлек, мәдени орталықтарымыздан, ғылыми-зерттеу жұмыстарынан және қоғамдық бастамалардан сезінеді. Мұнда мемлекеттік тілге деген құрмет пен ел тарихына тағзым – жастардың күнделікті өмір салтына айналған. Жастарды өткенмен мақтануға ғана емес, сол мұрадан қуат алып, болашақты сенімді құруға тәрбиелейміз.

– Қазіргі буынға қандай өмірлік ұстаным және рухани бағдар ұсынар едіңіз?

– Бүгінгі жастар – мүмкіндіктер заманында өмір сүріп жатқан бақытты ұрпақ.

Алайда таңдау тым көп, ақпарат тым жылдам дәуірде ішкі бағдардан жаңылу оңай. Қазіргі буынның бойынан ең алдымен кәсіби кемелдікті көргім келеді.

«Диплом үшін оқу» кезеңі артта қалып, нағыз білім мен біліктілік алдыңғы шепке шығуы керек. Өз салаңның хас шебері болу – кез келген қиындықтан алып шығатын ең сенімді капитал. Сонымен қатар жастарға айтар басты кеңесім – рухани сүзгі мен сыни ойлауды қалыптастыру. Цифрлық әлемнің арзан жылтырағына ермей, кез келген дүниеге парасат деңгейінен қарау маңызды. Рухани темірқазығымыз – Абайдың «Толық адам» концепциясы мен әл-Фарабидің «Қайырымды қала» идеясы. Бұл заман өтсе де, ескірмейтін, адамды адастырмайтын мәңгілік құндылықтар. Осының бәрі жауапты патриотизммен ұштасуы қажет. Отансүйгіштік – күнделікті ісіңмен, біліміңмен еліңе пайда тигізу, өз тілің мен тарихыңды мақтанышпен қадірлеу. «Жаһан азаматы» бола отырып, ұлттық бірегейлігімізді жоғалтпауымыз керек. Өз тамырын тереңдете білген тал ғана кез келген дауылға төтеп бере алады. Қазіргі жастар – жаңа Қазақстанның интеллектуалдық және рухани келбетін қалыптастыратын негізгі күш.

Қазақстан Президенті «Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Біз озық ойлы ұлт қалыптас­тыру жолында бірлесе еңбек етуіміз керек. Халқымызда «Білім – таусылмас қазына» деген сөз бар. Сапалы білім мен нағыз ғылымға ұмтылсақ, біз барлық мақсатымызға қол жеткіземіз» деп атап өтті. Сондықтан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті сапалы білім берумен қатар, студенттердің тұлғалық дамуына, адал еңбек пен ішкі тұрақтылықты басты орынға қоюына басымдық береді. Тілегім – жастар тек дайын дүниені тұтынушы емес, жаңаны меңгерген жасампаз тұлға болса екен. Өз өміріңе де, мемлекеттің болашағына да жауапкершілікпен қарайтын, ішкі мәдениеті биік, еркін ойлы азамат – біздің ең басты мақтанышымыз болмақ.

Әңгімелескен

Ерлан ЖҮНІС