ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ МАҚТАНЫШЫ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаевтың
«Qazaq universiteti»газетінде жарық көрген мақаласы
Тарих тасқынынан аман өтіп, адамзат өркениетінің ортақ қазынасына айналған дара тұлғалар болады. Олар белгілі бір ұлттың шеңберімен шектелмей, ғаламдық ой-сананың көкжиегін кеңейтеді. Солардың шоқтығы биігі – Әбу Насыр әл-Фараби. Түркі топырағынан түлеп ұшып, Шығыс пен Батыс мәдениетін тоғыстырған кемеңгердің мұрасын зерделеу – біз үшін ғылыми парыз әрі биік рухани жауапкершілік.
Әл-Фараби тек ортағасырлық философ немесе энциклопедист-ғалым емес. Ол – түркі дүниесінің интеллектуалдық қуатын әлемге танытқан тұлға, өркениеттер сұхбатының символы, адамзат ақыл-ойының биік шыңы. Оның трактаттарынан бір ғана дәуірдің емес, мәңгілік ізденістің лебі сезіледі. Ойшыл ғылымды да, музыканы да, логика мен этиканы да біртұтас үйлесімде қарастырды. Бұл – бөлшектенген білімге емес, тұтастыққа ұмтылған кемеңгердің қолтаңбасы.
Түркітанушы ретінде бізді толғандыратын басты мәселе – әл-Фарабидің түркілік болмысы мен оның дүниетанымы арасындағы сабақтастық. Біз көбіне оны араб тілінде жазған философ ретінде қабылдауға бейімбіз. Алайда тіл – танымның құралы. Ал рухани тамыр әлдеқайда тереңде. Далалық мәдениетке тән кеңдік, үйлесімге ұмтылу, табиғат пен адам арасындағы үндестік идеялары оның еңбектерінің өн бойынан анық аңғарылады.
Әл-Фараби – өз заманының ғана емес, келер ұрпақтың да ұстазы. Оның «қайырымды қала» туралы ілімі – утопиялық қиял емес, адамзат қоғамының моральдық бағдаршамы. Ол парасат пен ізгілікті мемлекеттің басты тірегіне айналдырды. Бүгінгі жаһандану дәуірінде, рухани құндылықтар қайта таразыға түсіп жатқан кезеңде әл-Фараби мұрасы бұрынғыдан да өзекті. Ғұлама еңбектері өркениеттің технологиялық дамуымен қатар, адамгершілік пен парасат биігін сақтау қажеттігін еске салады.
Ғалым үшін ең маңыздысы – ұлы тұлғаны құр ұлықтау емес, оның ілімін терең түсіну. Ал түсіну арқылы өзімізді тану. Әл-Фараби мұрасына жете үңілу – түркі өркениетінің зияткерлік әлеуетін мойындау ғана емес, сол сабақтастықты жалғастыру жауапкершілігі.
1991 жылы мемлекеттік шешіммен еліміздің бас университетіне Шығыс өркениетінің ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби есімінің берілуі Тәуелсіздік қарсаңындағы ұлттық рухани жаңғырудың тарихи көрінісі болды. Осы қадам арқылы оқу орнының ғылыми-академиялық бағыты терең тарихи тамырлармен сабақтасып, отандық білім беру жүйесінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен әлемдік ғылыми кеңістікке ену идеясы тоғысты. Әл-Фараби есімі университеттің миссиясы мен даму стратегиясының жетекші рухани бағдарына айналды.
Соңғы жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұлы ғұламаның идеяларын тек атау деңгейінде емес, мазмұндық, концептуалды тұрғыдан жаңғыртуға бағыт алып келеді. Университет қабырғасында «қайырымды қоғам», «парасатты адам», «ғылым мен ізгілік үндестігі» секілді әл-Фараби тұжырымдары заманауи білім беру моделінің темірқазығы ретінде орнықты.
Ғылым мен инновацияны ұштастыру, халықаралық академиялық кеңістікке өріс ашу, жас зерттеушілердің зияткерлік әлеуетін арттыру – осы рухани негіздің нақты нәтижесі. Университеттің зерттеу орталықтары мен ғылыми мектептері әл-Фараби іліміндегі тұтастық қағидатын басшылыққа алып, жаратылыстану мен гуманитарлық білімді өзара сабақтастыра дамытуда. Бұл – ғұламаның «білім – адамды кемелдікке жеткізетін құрал» деген ұстанымының заманауи жалғасы. Осылайша әл-Фараби мұрасы тарихи мұрағат шеңберінде қалмай, бүгінгі ғылым мен білім кеңістігінде өмір сүріп жатқан тірі идея ретінде көрініс табуда.
Ұлы ойшылдың өмір дерегіне сүйенсек, Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ әл-Фараби 870 жылы Фараб шаһарының Уәсидж қонысында дүниеге келген. Оның әкесі Самани әулеті билік құрған кезеңде әскери-саяси лауазым атқарған, қоғамда беделді орын иеленген тұлға болған. Мұндай ортада өскен жас Әбу Насыр ерте жастан білімге құштарлық танытып, терең діни әрі философиялық ілімдерді меңгеруге ден қойды. Алғашқы кезеңде сот ісін («қада’») жүргізу қызметін де атқарған. Дегенмен таным көкжиегін кеңейтуге деген үздіксіз ұмтылыс оны әлемдік ғылым мен өркениет орталықтарына жетелеп, адамзат ақыл-ойының шыңына көтерді.
Білім жолындағы ізденіс ғұламаны әуелі Мерв, Бұхара, Самарқан, Балх сияқты сол дәуірдің ірі ғылыми орталықтарына жетелейді. Қырық жас шамасында ол сол заманның интеллектуалдық орталығы – Бағдатқа табан тірейді. Мұнда Харран қаласында логика мен философиядан терең сабақ берген христиан ойшылы Йуханна ибн Хайлянмен жүздесіп, өз ілімін жетілдіреді. Ал Бағдатта Аристотельдің «Органонын» жетік меңгерген ұстаз Әбу Бишр Матта ибн Юнустан мантық (логика) ғылымын меңгереді. Бұл кезең ойшылдың дүниетанымының қалыптасуында шешуші рөл атқарды.
Бағдатта жүріп атақты филолог Ибн Сарраджбен танысып, араб тілінің грамматикасы мен семантикасын терең меңгереді. Деректерде Ибн Саррадждың, керісінше, әл-Фарабиден логика сабағын алғаны айтылады. Бұл жайт ғұламаның Бағдатқа келгенге дейін-ақ араб тілін еркін меңгергенін, ал кейін оны ғылыми-теориялық деңгейде кемеліне жеткізгенін көрсетеді.
941 жылы Бағдаттағы саяси тұрақсыздыққа байланысты әл-Фараби Шам аймағына (Дамаск) қоныс аударып, ондағы әмір Сайф әд-Дәуланың сарайына келеді. Тарихшы Ибн Халликанның еңбектерінде ғұламаның сарайға алғаш келуі мен оның тұлғалық болмысын, таңғажайып зердесін танытатын маңызды оқиға баяндалады.
Сарайға кірген ойшылды сынамақ болған әмір оған орын ұсынғанда, ғұлама: «Өз орнымда отырайын ба, әлде сіздің жаныңызға барайын ба?» деп сауал қояды. Әмір: «Қай жер ыңғайлы болса, сонда жайғас», – дегенде, әл-Фараби бірден әмірдің жанына отырады. Бұл оның өз интеллектуалдық деңгейін анық сезінген батыл ұстанымы еді. Осы сәтте әмір оққағарларына тек сарай қызметкерлеріне ғана түсінікті сирек тілде: «Егер бұл қонақ қойылатын күрделі сұрақтарға жауап бере алмаса, сарайдан шығарылсын», – деп бұйрық береді. Алайда әл-Фараби солардың өз тілінде мүдірмей жауап қайырып, әмірдің шешімін кейінге қалдыруды өтінеді. Бұл жайт ғұламаның сирек кездесетін полиглоттық қабілетін айғақтайды. Деректерде оның жетпістен астам тіл мен диалектіні меңгергені айтылады.
Пікірталас барысында қойылған барлық ғылыми сауалдарға мүдірмей жауап берген ойшыл терең философиялық пайымдарын ағыл-тегіл тарқатады. Тіпті оны сынауға келген сарай ғалымдары мен уәзірлері ғұламаның сөздерін қағазға түсіріп алуға мәжбүр болады. Жиын соңында сарайда музыка шырқалғанда, бұл өнердің теориясын жетік меңгерген әл-Фараби орындалған әуендердің сазына көңілі толмай, өзімен бірге алып жүрген аспабын қолға алады. Ол шерткен әуендер жиналғандарды бірде шаттыққа бөлеп, бірде мұңға батырып, соңында балбыраған ұйқыға кетіреді. Бұл оқиға әл-Фарабидің тек энциклопедияшы-философ қана емес, сонымен бірге музыка теориясын терең зерттеп, оның адам психологиясына әсерін ғылыми әрі орындаушылық тұрғыдан дәлелдеген бірегей феномен болғанын көрсетеді.
Ұлы мұраның халық жадында сақталып, көркем әдебиетте көрініс табуы заңдылық. Көрнекті ақын Мағжан Жұмабаев өзінің «Түркістан» поэмасында:
«Түріктің кім кеміткен
музыкасын,
Фараби тоғыз ішекті
домбырасын
Шерткенде тоқсан тоғыз
түрлендіріп,
Жұбанып, кім тыймаған
көздің жасын?!» –
деп жырлап, ғұламаның музыкалық кемеңгерлігі мен далалық рухтың тереңдігін айшықты бейнелейді.
Шамда әмірдің қолдауына ие болғанына қарамастан, әл-Фараби тақуалылық пен қарапайым өмір салтын ұстанды. Күндіз бағбандықпен, түнде қарауыл қызметін атқара жүріп, кітап оқудан ажырамаған. Күнделікті қажеттілігін 4 дирхаммен ғана шектеп, дүние-мүлік жинамауы оның рухани кемелдікті бәрінен жоғары қойғанын білдіреді. 950 жылы Дамаскіде 80 жасында дүниеден өткен ғұламаны ақтық сапарға шығарып салуға әмір Сайф әд-Дәула бастаған сол дәуірдің ең беделді тұлғалары қатысады.
Библиограф Ибн Әби Усайбианың жазбаларында Аристотельдің «Китаб ән-нафс» («Жан туралы») еңбегінің қолжазбасында әл-Фарабидің «Бұл кітапты жүз мәрте оқыдым» деген, ал «Әс-Сама’ әт-табиғи» («Физика») кітабына «Қырық рет оқысам да, қайта оралу қажеттігін сезінемін» деген қолтаңбалары сақталғаны айтылады. Бұл – білімге деген шексіз адалдықтың көрінісі. «Аристотельмен салыстырғанда қайсыңыз озықсыз?» – деген сауалға: «Егер мен оның дәуірінде өмір сүрсем, ең алдыңғы шәкірті болар едім», – деп жауап беруі оның ұстазға деген құрметі мен академиялық әдебін танытады.
Әл-Фараби философия, логика, саясаттану, этика, музыка теориясы салаларында бай мұра қалдырды. Оның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Ғылымдар классификациясы», «Бақытқа жету туралы», «Ақыл жайында», «Әріптер кітабы» сияқты еңбектері әлемдік ғылым жауһарына айналды. Аристотель мұрасын жүйелеп, дамытқаны үшін ол адамзат тарихында «Әл-Муаллим әс-Сани» – «Екінші ұстаз» деген мәртебелі атаққа ие болды.
Француз философы Этьен Жильсон атап өткендей, әл- Кинди, әл-Фараби және Ибн Сина сияқты Шығыс ойшылдарының еңбектерінсіз Батыс Еуропа схоластикасының өкілдері Фома Аквинский мен Дунс Скот ілімдерін толық түсіну мүмкін емес. Ислам философиясы антикалық мұраны сақтап қана қоймай, оны жаңа мазмұнмен байытып, Еуропалық қайта өрлеу (Ренессанс) дәуірінің рухани алғышарттарын қалыптастырды. Әл-Фараби идеялары антикалық философия мен еуропалық теология арасындағы зияткерлік көпір қызметін атқарды.
Осы тұрғыдан алғанда, әл- Фараби бастаған Шығыс ойшылдарының мұрасы – тар аймақтық құбылыс емес, ғаламдық ой-сана эволюциясының ажырамас бөлігі. Демек, Әбу Насыр әл-Фараби – түркі дүниесінің интеллектуалдық мақтанышы әрі өркениеттерді тоғыстырған ортақ рухани қазына. Түркі әлемінің бет бұрар Хантәңірідей биік тұлғасы ретінде әл-Фарабидің ғылым сәулесі уақыт өткен сайын жарқырай бермек.
Басқа жаңалықтар