Студенттер арасында «NOMAD GAMES» көшпенділер ойыны өтті — ҚазҰУ

Студенттер арасында «NOMAD GAMES» көшпенділер ойыны өтті

22 қыркүйек 2026
Студенттер арасында «NOMAD GAMES» көшпенділер ойыны өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тарих және Филология факультеттерінің ұйымдастыруымен студенттер арасында «NOMAD GAMES» көшпенділер ойыны өтті. Ұлттық спорт түрлерін дәріптеуге және студент жастардың спорттық белсенділігін арттыруға бағытталған жарысқа университеттің факультеттерінен 16 команда қатысты.

Ұйымдастырылған спорттық додаға әрқайсысы 6 студенттен құралған командалар қатысып, ұлттық ойындардың түрлі бағыттары бойынша өзара бақ сынады. Жарыс барысында қатысушылардан жеке шеберлікпен қатар, командалық ұйымшылдық, өзара қолдау және жоғары физикалық дайындық талап етілді.

«NOMAD GAMES» бағдарламасы екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде командалар асық ату, гір көтеру және қол күресінен сынға түсті. Аталған жарыс түрлері қатысушылардың мергендігін, күшін, ептілігі мен шапшаңдығын саралауға мүмкіндік берді. Екінші кезеңде командалар арқан тарту сайысында бақ сынап, өзара үйлесімділік пен командалық бірліктерін көрсетті.

Жарысқа қатысушылар ұлттық ойындардың ерекшеліктерін танытып қана қоймай, спорттық бәсекелестіктің жоғары деңгейін көрсетті. Әр кезеңде командалар жеңіске деген жігерін байқатып, жарыс атмосферасын қыздыра түсті.

Іс-шара барысында ұлттық ойындардың студент жастар арасында кеңінен насихатталуына, олардың дене белсенділігіне қызығушылығын арттыруға және командалық мәдениетін қалыптастыруға басымдық берілді. Сонымен қатар, «NOMAD GAMES» дәстүрлі спорт түрлерін университеттің жастар ортасында жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің тиімді алаңына айналды.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды. Бірінші орынды Экономика және Жоғары бизнес мектебінің командасы иеленді. Екінші орын Заң факультетіне, ал үшінші орын География және табиғатты пайдалану факультетіне бұйырды.

«NOMAD GAMES» көшпенділер ойыны университетте студенттердің спорттық және қоғамдық белсенділігін арттыруға, ұлттық спорт түрлерін кеңінен танытуға және жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған іс-шаралар қатарын толықтырды.