ҚазҰУ-да бірінші курс студенттерін қабылдау салтанаты өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс студенттерін студенттер қатарына қабылдауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Биылғы дәстүрлі мерекелік кеш заманауи технологиялармен ұштасып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен қолдану арқылы ұйымдастырылды.
Салтанатты жиынға ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек, Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан университеттерінің басшылары мен профессорлары, Иран, Ауғанстан және Әзірбайжанның дипломатиялық өкілдері, университет түлектері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Іс-шараны ашқан ректор Жансейіт Түймебаев бірінші курс студенттерін университеттің білім алушылар қатарына қосылуымен құттықтап, олардың алдағы оқуына сәттілік тіледі.
Өз сөзінде университет басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті, қауіпсіз, озық және таза Қазақстанды қалыптастыру жөніндегі ұстанымына тоқталып, жастардың бойында жауапкершілік, адалдық және заңға құрмет мәдениетін қалыптастырудың маңызын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: “Әділетті, қауіпсіз, озық және таза Қазақстанды құру – баршамыздың қастерлі парызымыз. Осы жолда бәріміз белсенді жұмыс істеуіміз керек. Бәріміз адал, шыншыл және жауапты да болуымыз қажет”, – деп нақты бағыт берді. Сондықтан бүгінгі жас азаматтың бойында терең біліммен қатар, заңды құрметтеу мен жауапкершілік мәдениеті қалыптасуы тиіс», – деді ректор.
Сондай-ақ Жансейіт Қансейітұлы университеттің халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне тоқталып, ҚазҰУ қалашығын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Студенттердің ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға бағытталған Farabi Hub, Суперкомпьютер орталығы, Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығы, Farabi Robotics, Цифрлық технологиялар және робототехника институты секілді ғылыми-технологиялық нысандардың мүмкіндіктерін атап өтті. Аталған инфрақұрылым жастардың ғылыммен айналысуына, инновациялық жобаларды жүзеге асыруына және заманауи технологияларды меңгеруіне жол ашады.
«Бүгіннен бастап сіздердің өмірлеріңізде жаңа, жарқын белес басталды. ҚазҰУ сіздерге әлемдік деңгейдегі білім мен зерттеу мүмкіндіктерін ұсынып отыр. Шет тілдерін үйреніп, заманауи стартаптар құрып, цифрлық әлемнің тек тұтынушысы емес, жаратушысы болу маңызды», – деп түйіндеді университет басшысы.
Салтанатты жиында студенттер атынан ҚазҰУ-дың Омбы филиалының бірінші курс студенті Ольга Назарова, Бішкек филиалының бірінші курс студенті Дастан Тәжиев және шетелдік білім алушылар сөз сөйлеп, студенттік өмірдің жаңа кезеңіне қатысты өз ойларымен бөлісті.
Мерекелік бағдарлама аясында студенттер дайындаған «Ретро», «ЖИ, ғылым, инновация», «Таза Қазақстан» және «Кітап оқитын ұлт» тақырыптарындағы хореографиялық-музыкалық композициялар көрермен назарына ұсынылды. Бағдарламаға ҚазҰУ-дың Қырғызстан мен Ресейдегі филиалдарының білім алушылары, сондай-ақ Қытайдағы Солтүстік-Батыс политехникалық университеті филиалының және Солтүстік Кавказ федералдық университетінің студенттері қатысып, өнер көрсетті.
Салтанатты кеш қазақ эстрадасы жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, студент жастардың би кешіне ұласты.
Айта кетейік, 2026–2027 оқу жылында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 8117 білім алушы қабылданды. Оның ішінде бакалавриатқа – 6236, магистратураға – 1167, докторантураға 462 адам оқуға түсті. Бакалавриатқа қабылданғандардың қатарында 674 «Алтын белгі» иегері және республикалық әрі халықаралық жарыстардың 58 жеңімпазы бар.
Жаңа студенттер үшін бұл күн университет өміріндегі маңызды кезеңнің басталуын білдіреді. ҚазҰУ білім алушыларына сапалы білім алуға, ғылыми ізденіспен айналысуға, инновациялық жобаларды дамытуға және халықаралық академиялық ортада тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.


















.jpeg)






