ҚазҰУ-да ЖИ саласындағы ғылыми әзірлемелер таныстырылды — ҚазҰУ

ҚазҰУ-да ЖИ саласындағы ғылыми әзірлемелер таныстырылды

13 қазан 2026
ҚазҰУ-да ЖИ саласындағы ғылыми әзірлемелер таныстырылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ақпараттық және коммуникациялық инженерия бойынша III форум және Орталық Азияның жасанды интеллект форумы – 2026» халықаралық жиыны өтті. Оған Қазақстан, Қытай және басқа елдердің жетекші университеттері мен ғылыми ұйымдарының өкілдері қатысты.

Форум бағдарламасы аясында қатысушылар ғылыми баяндамаларын ұсынып, өз зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісті. ҚазҰУ атынан ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов «Өңірлік сейсмикалық мониторинг кезінде P-толқындарын анықтау тиімділігін арттыру тәсілдері» тақырыбында баяндама жасады. Ол жер сілкінісін бақылауда маңызды рөл атқаратын бастапқы сейсмикалық толқындарды анықтау әдістерін жетілдіру мәселелеріне тоқталды.

Сондай-ақ Бейжің технологиялық университетінің профессоры Кай Ян терагерцтік жиіліктерде жасырын байланыс орнату үшін аса үлкен антенналық торларды қолдану тәсілдері туралы баяндады. Ғылыми форум барысында ұшу аппараттарын басқару жүйелерін дамыту, ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы ашық ғылым және зерттеу этикасы, деформацияланатын нысандарды модельдеудің заманауи әдістері, сондай-ақ т.б. мәселелері қарастырылды.

Форум аясында төрт тақырыптық секция өтіп, ғалымдар жасанды интеллектіні медициналық кескіндерді талдауда қолдану, фотометриялық бейнелеу, кеңістіктік интеллектіні дамыту және роботтарға арналған үшөлшемді көріністерді генерациялау бағыттарындағы зерттеулерін таныстырды. Бұдан бөлек, монокулярлық көру арқылы үшөлшемді реконструкцияны жеңілдету әдістері мен жоғары білім беру жүйесінде сенімді жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктері талқыланды. Атап айтқанда интеллектуалды академиялық жүйелер мен адам қатысуымен бағалау тәсілдеріне назар аударылды.

Форум бағдарламасы студенттердің постерлік сессиясымен аяқталды. Онда жас зерттеушілер өздерінің ғылыми жұмыстарын таныстырып, зерттеу нәтижелерімен бөлісті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі