Жапонияда оқу жайлы жиын — ҚазҰУ

Жапонияда оқу жайлы жиын

21 қыркүйек 2026
Жапонияда оқу жайлы жиын

 2026 жылдың 21 қыркүйегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінде «Жапонияда оқу жайлы жиын» (日本留学報告会) өтті. Жиынның мақсаты – студенттерге Жапонияда білім алу, академиялық ұтқырлық, тағылымдама және стипендиялық бағдарламалар мүмкіндіктерін таныстыру, сондай-ақ Жапонияда білім алып келген студенттердің жеке тәжірибесі арқылы оқу мүмкіндіктері туралы кеңірек түсінік қалыптастыру болды. 

Орамалова Мөлдір мен Аяжан Абдигали Жапонияның София университетінде оқып келген өз тәжірибелерін бөлісті. Мөлдір университеттің ұсынуымен барған MEXT Никкенсей бағдарламасы туралы баяндаса, Аяжан Faculty of Liberal Arts аясындағы академиялық алмасу, JASSO шәкіртақысы, оқу үдерісі мен Токиодағы студенттік өмір ерекшеліктері жөнінде айтып өтті.  Алексеева Юлиана Киото қаласындағы Дошиша университетінде Жапония елшілігі арқылы ұсынылған MEXT стипендиясы аясында оқу туралы баяндады. Жапонияның жетекші жоғары оқу орындарының бірі Киото университетінде бір жылдық академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша алғаш рет білім алған ҚазҰУ студенттері – Әлихан Мерей мен Манат Ақмарал университеттегі оқу үдерісі мен студенттерге берілетін мүмкіндіктер жөнінде баяндады. Осака университетінде Никкенсей бағдарламасы бойынша бір жыл білім алған Рахымжан Малика Жапония елшілігі арқылы ұсынылған MEXT стипендиясына өтініш беру кезеңдері, іріктеу үдерісі және бір жылдық тәжірибесінің негізгі қырларына тоқталды. Кобе қалалық шет тілдер университетінде білім алған Нұрқалиев Нұрсұлтан Japanese Language Program бағдарламасының мазмұнын, жапон тілін меңгеруге бағытталған оқу жүйесін таныстырды. Каназава университетіндегі MEXT бағдарламасының ерекшеліктерін Клевцов Дмитрий түсіндіріп, оқу үдерісімен қатар университеттегі күнделікті өмір туралы да айтып өтті.  Жақсылық Адина Цукуба университетінің алмасу бағдарламасы туралы ақпарат берсе, Рысбахова Риза, Илиева Малика және Цой Александр Хоккайдо университетінің HUSTEP және JLCSP бағдарламалары, сондай-ақ JASSO және MEXT стипендиялары жөнінде баяндады. Бақдәулетқызы Әсел Токио шет тілдер университетіндегі академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясындағы оқу, студенттік орта және Жапониядағы күнделікті өмір мен саяхатқа қатысты тәжірибесін бөлісті. 

Сонымен қатар, 2-курс студенттері Жапонияда өткен жазғы тағылымдама туралы баяндап, жапон компанияларында жұмыс істеу барысында алған практикалық тәжірибелерін, жапон тілін кәсіби ортада қолдану мүмкіндіктерін, мәдени ортамен танысуы және сапардан алған әсерлерін бөлісті. Іс-шара барысында студенттер баяндамашыларға өздерін қызықтырған түрлі сұрақтар қойып, құжат тапсырудан бастап Жапониядағы оқу мен күнделікті өмірге дейінгі мәселелер бойынша тікелей кеңес алды.

Жапонтану бөлімінің академиялық ұтқырлық бағдарламаларына жауапты оқытушы Самал Боранкулова да сөз сөйлеп, студенттерге алмасу бағдарламалары және тағылымдама мүмкіндіктерін алдын ала зерттеп, тілдік және академиялық дайындықты ертерек бастау жөнінде бағыт-бағдар берді.

Кездесудің маңызды ерекшеліктерінің бірі – қатысушылардың ресми ақпарат көздерінде толық қамтыла бермейтін практикалық мәселелерді өз тәжірибелері негізінде түсіндіруі болды. Олар құжат тапсыру, стипендияға өтініш беру, оқу үдерісі, тұрмыс жағдайы және жаңа ортаға бейімделу жөніндегі нақты кеңестерін бөлісті. Осылайша, «Жапонияда оқу жайлы жиын» Жапонияда білім алуға қызығушылық танытқан студенттер үшін оқу мүмкіндіктерін, түрлі бағдарламаларды және студенттердің жеке тәжірибесін бір ортада тоғыстырған мазмұнды кездесу болды.