«Өсімдік ресурстары және фармакоботаника» ғылыми-зерттеу зертханасы — ҚазҰУ

«Өсімдік ресурстары және фармакоботаника» ғылыми-зерттеу зертханасы

7 қыркүйек 2026
«Өсімдік ресурстары және фармакоботаника» ғылыми-зерттеу зертханасы

«Өсімдік ресурстары және фармакоботаника» зертханасы қазіргі заманғы ғылымның басым бағыттарына жауап беретін, пәнаралық интеграцияға негізделген ғылыми-зерттеу инфрақұрылымының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

 Зертхананың мақсаты мен ғылыми бағыттары

  Зертхананың мақсаты Қазақстан флорасындағы өсімдіктердің биоалуантүрлілігін кешенді зерттеуге, табиғи және интродукцияланған өсімдіктердің ресурстық әлеуетін бағалауға, олардың фармакологиялық құндылығын анықтауға негізделген.

 Зертхананың негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары өсімдіктер қорын анықтауды, олардың таралу аймақтарын, экологиялық ерекшеліктері мен популяциялық жағдайын зерттеуді қамтиды. Сирек және жойылып бара жатқан өсімдік түрлерін сақтау, оларды тиімді пайдалану және қалпына келтіру мәселелерін шешуге бағытталған.

  Фармакоботаника саласында дәрілік өсімдіктердің морфологиялық және анатомиялық құрылымын, фитохимиялық құрамын, биологиялық белсенді қосылыстарын анықтауға бағытталған заманауи аналитикалық әдістер кеңінен қолданылады. Бұл жұмыстар дәрілік өсімдік шикізатының сапасын бағалауға, стандарттауға және жаңа фитопрепараттар әзірлеуге ғылыми негіз қалыптастырады.

  «Өсімдік ресурстары және фармакоботаника» зертханасы өсімдік ресурстарын тиімді пайдалану мен отандық фармацевтикалық өндірісті дамытуға бағытталған.

  Зертханада студенттер, магистранттар мен докторанттар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Студенттер өсімдік ресурстарын зерттеу, дәрілік, сирек кездесетін және эндемикалық өсімдіктердің морфологиялық-анатомиялық ерекшеліктерін анықтау, өсімдіктердің биологиялық және экологиялық қасиеттерін зерделеу бағыттарында практикалық дағдыларын қалыптастырады.

 «Өсімдік ресурстары және фармакоботаника» ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі: биология ғылымдарының кандидаты, профессор Тыныбеков Бекзат Мақұлбайұлы.