ҚазҰУ түлектеріне: мемлекеттік қызметтегі мансабыңызды бастаңыз! — ҚазҰУ

ҚазҰУ түлектеріне: мемлекеттік қызметтегі мансабыңызды бастаңыз!

29 қазан 2026
ҚазҰУ түлектеріне: мемлекеттік қызметтегі мансабыңызды бастаңыз!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектеріне мемлекеттік қызметте кәсіби мансабын бастаудың қосымша мүмкіндігі ұсынылады. Атап айтқанда, конкурс өткізілмей, «Б» корпусының аудандық және ауылдық деңгейлердегі жекелеген әкімшілік мемлекеттік лауазымдарына орналасу мүмкіндігі қарастырылған.

 

Осы тетікті іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі eQyzmet.gov.kz порталында «Түлектерге арналған бос орындар» (TULEK) арнайы бөлімін іске қосты.

 

Бұл мүмкіндікті кім пайдалана алады?

Аталған бөлімді мынадай талаптарға сәйкес келетін түлектер пайдалана алады:

  • жоғары оқу орнын бітіргеніне бір жылдан аспаған;
  • оқу үлгерімінің орташа балы (GPA) 3,33-тен төмен емес.

 

Түлектер төмендегі мемлекеттік органдардағы жекелеген басшылық емес әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға үміткер бола алады:

  • аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдері аппараттары мен мәслихаттарындағы лауазымдарға;
  • жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын аудандық деңгейдегі атқарушы органдардағы лауазымдарға;
  • аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдері аппараттарындағы лауазымдарға;
  • орталық мемлекеттік органдардың аудандық деңгейдегі аумақтық бөлімшелеріндегі лауазымдарға.

 

Өтінімді қалай беруге болады?

  1. eQyzmet порталындағы «Түлектерге арналған бос орындар» бөліміне мына сілтеме арқылы өтіңіз: https://eqyzmet.gov.kz/#/main/graduate/vacancies.

  2. «Түлектерге арналған бос орындарға өту» батырмасын басып, eQyzmet арқылы жеке кабинетке кіріңіз.

  3. Профильді толтырып, байланыс деректерінің дұрыстығын тексеріңіз және дипломды қосымшасымен бірге PDF форматында (бір файл, көлемі 10 МБ-тан аспауы тиіс) тіркеңіз.

  4. Қолжетімді бос жұмыс орындарымен танысып, мамандығыңыз бен қойылатын талаптарға сәйкес келетін лауазымды таңдаңыз.

  5. «Өтінім беру» батырмасын басып, дербес деректеріңізді жұмыс берушіге беруге келісіміңізді растаңыз және өтінімді жіберіңіз.

Өтінім қабылданған жағдайда тиісті мемлекеттік органның персоналды басқару қызметі құжаттарды одан әрі рәсімдеу үшін сізбен байланысады.

 

Мемлекеттік қызметтегі мансабыңызды бастап, алған біліміңізді тәжірибеде қолдану мүмкіндігін жіберіп алмаңыз!

Тіркелу, бос жұмыс орындарын іздеу және өтінім беру тәртібі туралы толық ақпаратпен төмендегі сілтеме арқылы өтіп, танысуға болады: Нұсқаулық TULEK порталы.pdf