«Ұлттық қор – балаларға»: ҚазҰУ студенттеріне қаржылық мүмкіндіктер түсіндірілді — ҚазҰУ

«Ұлттық қор – балаларға»: ҚазҰУ студенттеріне қаржылық мүмкіндіктер түсіндірілді

22 қыркүйек 2026
«Ұлттық қор – балаларға»: ҚазҰУ студенттеріне қаржылық мүмкіндіктер түсіндірілді

2026 жылғы 22 қыркүйекте «Отбасы банк» АҚ өкілдері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебі мен Заң факультетінің студенттерімен кездесіп, «Ұлттық қор – балаларға» жобасының жүзеге асырылу тетіктері жөнінде ақпарат берді.

Кездесудің басты мақсаты – студенттердің қаржылық сауаттылығын дамыту, мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы білімін кеңейту және жастарға болашақта тұрғын үй сатып алу мен білім алу үшін қарастырылған қаржылық мүмкіндіктерді пайдалану жолдарын түсіндіру.

Іс-шара аясында банк мамандары жобаның негізгі бағыттары мен ерекшеліктеріне тоқталып, нысаналы жинақтардың қалыптасу тәртібі, қаражатты есепке алу және оны пайдалану талаптары туралы мәліметтермен бөлісті. Сондай-ақ студенттерге жинақталған қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім беру қызметтерінің ақысын төлеуге бағыттау тәртібі түсіндірілді.

Кездесу барысында қатысушыларға депозит ашу бойынша практикалық кеңестер беріліп, қажетті рәсімдерді жүзеге асыру жолдары көрсетілді. Банк өкілдері депозит ашу кезеңдері, талап етілетін құжаттар мен мәліметтер, сондай-ақ қаражатты белгіленген мақсаттарға сәйкес пайдалану мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жеке кеңес алды.

Сонымен қатар кездесуде қаржылық жоспарлаудың маңыздылығы, қаражатты тиімді басқару және жинақ қалыптастыру дағдыларын ерте жастан меңгерудің қажеттілігі сөз болды. Мұндай ақпараттық кездесулер жастардың мемлекеттік бағдарламалар туралы түсінігін қалыптастырып, өздерінің болашақ білім алуына және тұрғын үй мәселелерін шешуіне қатысты мүмкіндіктерді дұрыс бағалауына ықпал етеді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті білім алушылардың қаржылық және әлеуметтік сауаттылығын арттыруға бағытталған жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға ерекше мән береді. Осы бағыттағы серіктестік кездесулер студенттердің қаржылық білімін жетілдіріп, олардың жеке қаржылық шешімдерді сауатты қабылдауына жол ашады.