Президент Жолдауы аясында филология факультетінің студенттерімен талқылау өтті. — ҚазҰУ

Президент Жолдауы аясында филология факультетінің студенттерімен талқылау өтті.

12 қараша 2026
Президент Жолдауы аясында филология факультетінің студенттерімен талқылау өтті.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауы аясында филология факультетінің бірінші курс «Екі шет тілі» білім беру бағдарламасының студенттерімен кездесу өтті.

Кездесу барысында «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Аймагамбетова М.М. Президент Жолдауында көтерілген жасанды интеллект (ЖИ) және цифрландыру мәселелеріне тоқталып, аталған бағыттардың қазіргі қоғамдағы маңызы мен білім беру саласындағы рөлі туралы сөз қозғады. Сонымен қатар жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану, цифрлық сауаттылықты арттыру және заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізудің өзектілігін атап өтті.

Президент Жолдауында белгіленген басым бағыттардың бірі – «Адал азамат» тұжырымдамасының маңызы туралы «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қауымдастырылған профессор Кузембекова Ж.Ж. баяндама жасады. Ол адалдық, әділдік, жауапкершілік, отансүйгіштік және еңбекқорлық сияқты құндылықтардың қоғам дамуындағы маңызын кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар жас ұрпақтың бойында азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды құрметтеу және қоғам алдындағы міндеттерін сезіну мәселелеріне тоқталды. «Адал азамат» қағидаттарының әрбір студенттің өмірлік ұстанымына айналуы қажеттігін ерекше атап өтті.

Президент Жолдауында көтерілген маңызды бағыттардың бірі – ұстаз мәртебесін арттыру және адам капиталын дамыту мәселелері. Осы тақырып аясында Шетел тілдері кафедрасының меңгерушісі Тлеулинова М.Б. студенттер алдында сөз сөйлеп, білім беру саласындағы ұстаздың қоғамдағы рөлі мен маңызына тоқталды. Өз сөзінде ұстаз еңбегінің қоғам дамуындағы айрықша орнын, жас ұрпақтың білімді, бәсекеге қабілетті және жан-жақты тұлға болып қалыптасуындағы педагогтің жауапкершілігін атап өтті. Сонымен қатар адам капиталын дамытуда сапалы білімнің, кәсіби біліктіліктің және үздіксіз ізденістің маңыздылығына ерекше назар аударды.

Кездесу барысында студенттер Президент Жолдауында айқындалған басым бағыттармен танысып, ел дамуының өзекті мәселелері жөнінде ой бөлісті. Іс-шара студенттердің азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге және ел болашағына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталды.

 

Іс-шараға қатысқан кафедра өкілдері:

Тлеулинова М.Б. – Шетел тілдері кафедрасының меңгерушісі;

Аймагамбетова М.М. – «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор;

Кузембекова Ж.Ж. – «Түркітану және тіл теориясы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.