География және табиғатты пайдалану факультетінің жас ғалымдары III Халықаралық жас ғалымдар конгресіне қатысты — ҚазҰУ

География және табиғатты пайдалану факультетінің жас ғалымдары III Халықаралық жас ғалымдар конгресіне қатысты

12 қараша 2026
География және табиғатты пайдалану факультетінің жас ғалымдары III Халықаралық жас ғалымдар конгресіне қатысты

2026 жылғы 12 қарашада Алматы қаласында, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясында III Халықаралық жас ғалымдар конгресі өтті. Конгресс Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және ҚР Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналды. Аталған іс-шараға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінің жас ғалымдары, сондай-ақ шетелдік магистранттары мен докторанттары қатысты.

Конгресті модератор, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Ахылбек Күришбаев ашты. Қатысушыларға Қазақстан Республикасының Вице-президенті Ерлан Қариннің құттықтау хаты оқылды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Қазақстан Республикасы Құрылтайының, Қазақстан Халық Кеңесінің, Алматы қаласы әкімдігінің және «Сириус» ғылыми-технологиялық университетінің өкілдері құттықтау сөз сөйледі.

Негізгі баяндамаларды Швеция, Түркия, Португалия, АҚШ, Иран, Марокко, Франция, Үндістан, Ресей және Қазақстан ғалымдары ұсынды. Баяндамалар халықаралық академиялық ұтқырлық, медицинада жасанды интеллектіні қолдану, иммунология, сутегі энергетикасы, материалтану, гуманитарлық зерттеулер және ауыл шаруашылығындағы ресурс үнемдеу технологиялары сияқты өзекті бағыттарды қамтыды. Қатысушылардың ерекше қызығушылығын франко-қазақстандық ZooStan (CNRS–ҚазҰУ) зертханасының директоры Вильям Рандюдің адамзат тарихын зерттеудегі халықаралық ынтымақтастық туралы баяндамасы тудырды. Ал Clarivate компаниясының Орталық Азиядағы өкілі Инеш Кенжина Web of Science дерекқорындағы Қазақстан ғылымының көрсеткіштері мен оның халықаралық ғылыми кеңістіктегі орны туралы баяндады.

Күннің екінші жартысында «AI for Science: ғылыми жаңалықтардың жаңа дәуірі» атты пленарлық форум өтті. Форум барысында Филдс сыйлығының лауреаты Ефим Зельманов жас ғалымдарға арнап ақыл-кеңесі мен ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің штаттан тыс кеңесшісі Кай-Фу Ли құттықтау сөз сөйледі. Форумда жасанды интеллектінің жоғары білім беру жүйесіне ықпалы, AI-университеттер тұжырымдамасы, спутниктік байланыс, Smart City интеллектуалды платформалары, сондай-ақ экологиялық мониторинг пен дәлме-дәл егіншілікте машиналық оқыту әдістерін қолдану мәселелері талқыланды. Бұл бағыттар география және табиғатты пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулермен тікелей байланысты.

Конгресс аясында жас ғалымдар мен жас зерттеушілердің инновациялық әзірлемелерінің көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар Web of Science дерекқорының мәліметтері бойынша ең көп дәйексөз алынған зерттеушілерге «Қазақ ғылымының үміті» марапаттарын табыстау рәсімі өтті.

Конгреске қатысу факультеттің жас зерттеушілері мен шетелдік білім алушыларына әлемдік ғылымның заманауи бағыттарымен танысуға және жетекші ғалымдармен пікір алмасуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар олар болашақта бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге негіз болатын жаңа кәсіби байланыстар орнатты.