ҚазҰУ студенті әлемнің үздік 100 студентінің қатарына енді — ҚазҰУ

ҚазҰУ студенті әлемнің үздік 100 студентінің қатарына енді

23 қараша 2026
ҚазҰУ студенті әлемнің үздік 100 студентінің қатарына енді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Бахтияр Ақылбай халықаралық деңгейде жетістікке жетті. Пәкістанда өткен Creative Leadership Conference (CLC 26) конференциясына қатысқан шығыстану факультетінің 1-курс студенті әлемнің үздік 100 студентінің қатарына енді. 

Отыздан астам елден 5000-нан астам делегат бас қосқан CLC 26 конференциясына жас ғалымдар, дипломаттар, қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлер қатысты. Бахтияр Ақылбай форумға негізгі спикер ретінде шақырылып, Лахор, Фейсалабад және Исламабад қалаларында баяндама жасады. Ол жетекші университеттер мен халықаралық диалог алаңдарында сөз сөйлеп, өзекті мәселелер бойынша ой бөлісті. Оның баяндамаларына жүздеген қатысушы қызығушылық танытты.

Конференция аясында Бахтияр Қазақстан Республикасының Пәкістандағы төтенше және өкілетті елшісі Еркін Тұқымовпен ресми кездесті. Жүздесу барысында студент қазақстандық жастардың халықаралық бастамалары, «Жер елшілері» қозғалысының қызметі және ҚазҰУ жастарының мәдениетаралық байланыстарды нығайтуға қосып жүрген үлесі туралы әңгімеледі.

Бахтияр Ақылбайдың жетістіктерінің негізінде жан-жақты білімі мен қоғамдық белсенділігі жатыр. Ол қазақ, орыс, ағылшын, араб, парсы және түрік тілдерін еркін меңгерген, дипломатиялық аударма саласында тәжірибесі бар. Сонымен қатар «Жер елшілері» қозғалысының филиалы мен ҚазҰУ жанындағы WFF қауымдастығына жетекшілік етеді. Әлеуметтік желідегі жеке блогының аудиториясы 30 мыңға жуық адамды құрайды. Бұған дейін ол Қазақстан атынан Дүниежүзілік жастар фестиваліне қатысқан.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі