Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жасанды интеллект және Big Data кафедрасы Shin-Line зауытының алаңында өнеркәсіптік цифрлық егізді таныстырды — ҚазҰУ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жасанды интеллект және Big Data кафедрасы Shin-Line зауытының алаңында өнеркәсіптік цифрлық егізді таныстырды

4 қыркүйек 2026
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жасанды интеллект және Big Data кафедрасы Shin-Line зауытының алаңында өнеркәсіптік цифрлық егізді таныстырды

2026 жылғы 2 қыркүйекте Shin-Line компаниясының өндірістік алаңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жасанды интеллект және Big Data кафедрасы, SUPCON Central Asia компаниясы және Shin-Line зауыты өкілдерінің кездесуі өтті.

Кездесу барысында ҚазҰУ командасы өндірістің тоңазытқыш жүйесіне арнап әзірленген цифрлық егіздің жұмысын таныстырды. Демонстрацияда екі аммиак компрессорынан нақты уақыт режимінде түсетін технологиялық деректердің мониторингі, подшипниктің тозуын модельдеу және жабдықтың істен шығу қаупі туындаған кезде дабыл сигналын автоматты түрде беру сценарийі таныстырылды. Сонымен қатар электр энергиясын тұтынуды бақылау бойынша жүйенің жоспарлы және нақты көрсеткіштер арасындағы ауытқуды анықтау және оның қаржылық салдарын теңгемен бағалау мүмкіндіктері көрсетілді.

SUPCON Central Asia компаниясының өкілі М. О. Исенов компанияның қызметі мен өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған цифрлық шешімдері, оның ішінде цифрлық егіздерді құруға және өндірістік процестерді интеллектуалды басқаруға арналған платформаның мүмкіндіктері жайлы баяндады.

Тараптар Shin-Line өндірісіне цифрлық егіз технологиясын енгізудің перспективалы бағыттарын талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдері роботтандырылған қойманы аталған технологияны енгізудің басым бағыты ретінде атап өтіп, оған арналған цифрлық егіз шешімдеріне қызығушылық білдірді. Тараптар осы бағыттағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыруға келісті.

Жиынға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Механика-математика факультетінің деканы М. Е. Мансурова, Коммерцияландыру департаментінің директоры Т. Азатұлы, Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының инженерлері Н. Б. Жұмахан мен А. М. Шәкір, SUPCON Central Asia компаниясының менеджері М. О. Исенов, сондай-ақ Shin-Line тарапынан Роботтандырылған қойма департаментінің директоры Әсел ханым мен бөлім директоры Ұлан мырза қатысты.

Бұл кездесу университет, технологиялық компания және өндірістік кәсіпорын арасындағы әріптестікті нығайтып, нақты өндірістік міндеттерді шешу үшін жасанды интеллект пен цифрлық егіз технологияларын қолдануға бағытталған бірлескен жұмыстарды жалғастыруға негізі қаланды.