ҚазҰУ филиалы жаңа оқу жылын салтанатты түрде бастады
Омбы қаласындағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалында жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиын өтті. Университет қауымдастығының маңызды оқиғасына айналған шараға студенттер, оқытушылар және филиал қызметкерлері жиналды.

Бірінші курс студенттері үшін бұл кездесу университет ортасымен, оның академиялық дәстүрлері және құндылықтарымен алғашқы танысу мүмкіндігі. Филиалдың биылғы білім алушыларының қатары «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Кеден ісі» және «Халықаралық құқық» білім беру бағдарламаларына түскен 123 студентпен толықты.

Мерекелік жиында Омбы филиалының директоры Мұрат Жанғазиев студенттерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Ол филиал дипломының әлемдік деңгейде танылатынын және 160 елде мойындалатынын атап өтті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ сапалы білім алуға, кәсіби тұрғыда қалыптасуға және тұлғалық дамуға кең мүмкіндіктер ашатынын жеткізді. Филиал басшысы бірінші курс студенттерін оқу үдерісіне белсенді араласуға, ғылыми, шығармашылық және қоғамдық жобаларға қатысуға шақырды.

Шараға бас университеттің өкілдері де қатысты. Сонымен қатар құрметті қонақ ретінде Қазақстанның Омбыдағы Бас консулдығының сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Арман Тұрғынбеков те студенттерге ізгі тілегін білдірді. Ол өз сөзінде екі ел арасындағы гуманитарлық және білім беру байланыстарын нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

Кеш соңында студенттерге Омбы қаласы бойынша экскурсия ұйымдастырылып, олар қаланың көрікті жерлері және мәдени орындарымен танысты.



Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар