ҚазҰУ-да халықаралық тәжірибе алмасу семинары өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті базасында орналасқан Қазақстанның төмен биіктік экономикасы индустриялық-зерттеу орталығында (KazLAE) білікті мамандарды даярлауға арналған халықаралық семинар өтті. Жиынға университет оқытушылар құрамы және студенттерімен бірге Сиань Цзяотун-Ливерпуль университеті (XJTLU), UWEE Group компаниялар тобының және KazLAE Industrial Research Center өкілдері арнайы қатысты.
Басқосудың мақсаты – кадрлар даярлаудың заманауи тәсілдерін сараптап, халықаралық озық тәжірибемен бөлісу және білім беру саласындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа бағыттарын айқындау.

Ауқымды шарада KazLAE орталығының директоры, ҚазҰУ Компьютерлік ғылымдар кафедрасының зерттеуші-профессоры Базаргүл Маткерім мен UWEE Group компаниясының Шығыс Еуропадағы бөлімшесінің басқарушы директоры Дарья Балобан баяндама жасап, саланы дамытудың басым бағыттарына тоқталды.
Кездесу аясында XJTLU өкілдері өз оқу орнының білім беру жүйесі мен бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша академиялық бағдарламаларын кеңінен таныстырды. Қатысушылар оқуға түсу талаптары, стипендиялық бағдарламалар мен ұсынылатын академиялық мүмкіндіктер жөнінде толық ақпарат алып, Қазақстанның жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асырудың тетіктерін талқылады.

Семинар барысында сапалы білім берудегі сабақтастық, академиялық ұтқырлық, студенттер алмасу бағдарламалары мен бірлескен білім беру бастамаларына ерекше назар аударылды. Сарапшылар мен ғалымдар халықаралық үздік тәжірибелерді оқу үдерісіне белсенді енгізу және заман талабына сай кәсіби кадрларды даярлаудың жаңаша модельдері төңірегінде сындарлы пікір алысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар