ҚазҰУ жатақханаларында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді — ҚазҰУ

ҚазҰУ жатақханаларында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді

15 қыркүйек 2026
ҚазҰУ жатақханаларында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді

2026 жылғы 15 қыркүйекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханаларында студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Іс-шара сағат 20:00-ден 22:00-ге дейін Алматы қаласы, Бостандық ауданының полиция департаменті қызметкерлерімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Кездесу барысында студенттерге қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу, қауіпсіздік талаптарын орындау және қолданыстағы заңнама нормаларын сақтау мәселелері бойынша түсіндірмелер берілді.

Полиция қызметкерлері жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алудың маңыздылығына тоқталып, заң талаптарын бұзған жағдайда көзделген жауапкершілік түрлері туралы ақпарат берді. Сонымен қатар жатақхана аумағында ішкі тәртіп ережелерін сақтау, тыныштықты қамтамасыз ету, өзге студенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеу, университет мүлкіне ұқыпты қарау және қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде кеңестер айтылды.

Студенттерге төтенше және күмәнді жағдайлар туындаған кезде сақтық шараларын сақтау, тиісті қызметтерге дер кезінде хабарласу және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу қажеттігі түсіндірілді.

Іс-шара барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, полиция қызметкерлерінен құқықтық мәселелер бойынша нақты жауаптар алды.

Мұндай профилактикалық кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және университет жатақханаларында қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және «Заң мен тәртіп» қағидатын кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасын табады.