Қазақстандық жас ғалымдар делегациясы Чанша қаласына барды — ҚазҰУ

Қазақстандық жас ғалымдар делегациясы Чанша қаласына барды

14 қыркүйек 2026
Қазақстандық жас ғалымдар делегациясы Чанша қаласына барды

2026 жылғы 6–10 қыркүйек аралығында ҚР Алматы қаласындағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығының шақыруымен қазақстандық жас ғалымдар делегациясының Қытайдың Хунань провинциясындағы Чанша қаласына сапары өтті.

Делегация құрамында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қытайтану кафедрасының оқытушысы Асыл М.Б. қатысты.

Сапар барысында делегация мүшелері Хунань провинциясының білім беру, ғылыми, мәдени және инновациялық әлеуетімен танысты. Хунань педагогикалық университеті, Юэлу академиясы, Чанша мұражайы мен кітапханасы, SANY Group, Маланшань индустриялық паркі, Sansure компаниясы және басқа да нысандарға барды.

Бағдарламаның маңызды бөлігі — Мао Цзэдунның туған жері Шаошань қаласына сапар болды. 2026 жылы Мао Цзэдунның қайтыс болғанына 50 жыл толуына байланысты бұл сапар ерекше тарихи мәнге ие болды. Делегация мемориалдық нысандар мен көрме залдарын аралап, Қытайдың қазіргі тарихымен қатар, Қытай Коммунистік партиясының қалыптасуы мен партиялық құрылыс тарихымен танысуға мүмкіндік алды.

Сапар аясында Хунань педагогикалық университетінің Тіл және мәдениет институты өкілдерімен кездесу өткізіліп, тілдік және мәдени білім беру саласындағы тәжірибе алмасу және академиялық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

Сапар Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын кеңейтуге, кәсіби байланыстарды нығайтуға және қазақстандық жас ғалымдардың Қытайдың тарихы, мәдениеті, білім беру жүйесі мен заманауи даму бағыттарымен тікелей танысуына мүмкіндік берді.