«ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП»: СТУДЕНТТЕРМЕН ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ — ҚазҰУ

«ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП»: СТУДЕНТТЕРМЕН ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

15 қыркүйек 2026
«ЗАҢ ЖӘНЕ ТӘРТІП»: СТУДЕНТТЕРМЕН ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Механика-математика факультетінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында №6 Студенттер үйінде 1-курс студенттерімен «Жатақханадағы өмір мәдениеті: қауіпсіздік, тазалық, тәртіп және жауапкершілік» тақырыбында танымдық-профилактикалық кездесу өткізілді.

Кездесуге Тәртіптік кеңес өкілдері, ҚазҰУ қалашығы әкімшілігі, учаскелік полиция инспекторы, факультет басшылығы мен студенттік ұйым өкілдері қатысты. Студенттерге қоғамдық тәртіпті сақтау, жатақханада қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру, ішкі тәртіп ережелерін орындау, өзара сыйластық пен жеке жауапкершілік мәселелері түсіндірілді.

Іс-шара барысында құқық бұзушылықтың алдын алу, студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, университет пен жатақхана мүлкіне ұқыпты қарау, тазалықты сақтау және қауіпсіздік талаптарын орындаудың маңыздылығы атап өтілді. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты түсіндірмелер алды.

Кездесу БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ/ЦУР) сабақтас жүзеге асырылды. Атап айтқанда, іс-шара ТДМ 16 – «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» мақсатына сәйкес жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңға құрмет пен жауапкершілікті арттыруға бағытталды. Сонымен қатар ТДМ 3 – «Салауатты өмір салты және әл-ауқат» және ТДМ 11 – «Тұрақты қалалар мен елді мекендер» мақсаттары аясында студенттер үшін қауіпсіз, таза әрі қолайлы орта қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Осындай кездесулер студенттердің құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, университет қауымдастығында тәртіп, қауіпсіздік және өзара жауапкершілік мәдениетін нығайтуға ықпал етеді.

Механика-математика факультеті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ