«ЗЕРДЕ» – ЖАС ЗЕРТТЕУШІЛЕРДІҢ ҒЫЛЫМ ЖОЛЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫ
2026 жылдың 6-7 қараша күндері Алматы қаласы Білім басқармасының «Алматы дарыны» орталығының ұйымдастыруымен Алмалы ауданы №216 мектеп-гимназиясында 2-8 сынып оқушылары арасында «Зерде» республикалық зерттеу жобалары байқауының аудандық кезеңі өтті.
Байқаудың негізгі мақсаты – оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына деген қызығушылығын арттыру, шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамыту, жас зерттеушілердің ізденіс нәтижелерін сараптау және үздік жобаларды анықтау. Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған оқушыларды I, II, III дәрежелі дипломдармен марапаттап, қалалық кезеңге жолдау көзделді.
Байқау барысында оқушылар өздерінің ғылыми ізденістерінің нәтижелерін таныстырып, зерттеу тақырыптарының өзектілігі мен жаңашылдығын, қолданылған әдістері мен практикалық маңызын негіздеп қорғады. Қазылар алқасы ұсынылған жобалардың ғылыми мазмұнына, зерттеу деректерінің талдануына, тұжырымдарының негізділігіне және қатысушылардың өз ойларын жүйелі әрі дәлелді жеткізу шеберлігіне назар аударды.

Қазылар алқасының құрамында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультеті А. Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының профессор м.а., филология ғылымдарының кандидаты Ш.Ә. Рамазанова және университетіміздің студенті Б. Оралбекова болып, қазақ тілі мен әдебиеті секциясы бойынша оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын тыңдап, сараптамалық бағалау жүргізді. Жас зерттеушілерге ғылыми жұмысты жүйелі құру, зерттеу мәселесін нақтылау, тілдік деректерді талдау және ғылыми тұжырымдарды дәйектеу бағытында кәсіби кеңестер беріп, алдағы ізденістеріне бағыт-бағдар көрсетті.
Жас зерттеушілердің өзекті тақырыптарды зерделеуге деген ынтасы, ізденімпаздығы мен ғылыми ойлау қабілеті ерекше қуантты. Ғылым жолындағы алғашқы қадамдарын жасап жүрген оқушыларға шығармашылық шабыт, толағай табыс және жаңа жетістіктер тілейміз!
Өскелең ұрпақтың ғылыми әлеуетін дамытуға, дарынды балаларды қолдауға және олардың зерттеушілік қабілеттерін шыңдауға бағытталған осындай игі бастамаларды жүзеге асырып отырған Алматы қаласы Білім басқармасының «Алматы дарыны» орталығына шығармашылық табыс тілейміз!
Жас зерттеушілердің ғылым жолындағы қадамдары нық, ізденістері жемісті болсын!
Басқа жаңалықтар