Харбин университетімен бастамалар пысықталды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов Харбин политехникалық университетінің өкілдерімен кездесті. Жүздесуде бірлескен ғылыми зерттеулер, академиялық ұтқырлық, магистранттар мен докторанттарды даярлау, сондай-ақ ғылыми орталықтар мен зертханалар құру мәселелері кеңінен талқыланды.
Өзара ынтымақтастық аясында қос университет студенттер мен жас ғалымдарға арналған қысқы және жазғы ғылыми мектептер ұйымдастырып келеді. Сонымен қатар Қытайда магистратура мен докторантурада білім алуға арналған стипендиялық бағдарламалар жүзеге асырылуда.

Проректордың айтуынша, университеттер арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – бірлескен зерттеулерді дамыту және студенттер мен жас ғалымдардың халықаралық ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндігін кеңейту. Ғылыми мектептер мен академиялық ұтқырлық бағдарламалары зерттеушілер арасындағы тікелей байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Кездесуде физика және халықаралық құқық бағыттары бойынша бірлескен ғылыми орталықтар мен зертханалар құру мәселесіне де назар аударылды. Бұл бағытта оқытушылар, ғылыми қызметкерлер мен студенттер арасында академиялық алмасу табысты жолға қойылған.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын одан әрі дамытуға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар