Ж.Жабаев конференциясында сөйлеген сөзі
Құрметті Мәлік Нұржанұлы!
Конференцияға қатысушылар!
Баршаңызды «Жамбыл және қазіргі дәуірдің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгінгі салтанатты басқосуымызға мемлекет және қоғам қайраткерлері, отандық көрнекті академик-ғалымдарымызбен қатар, бауырлас мемлекеттерден арнайы келген мәртебелі қонақтарымыз қатысып отыр.
Атап айтқанда: Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Шыңғыс Айтматов атындағы Әдебиет институтының, Қырғыз-Түрік «Манас» университетінің,
Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік университетінің өкілдері мен халықаралық зерттеушілер ортамызда.
Сондай-ақ жиынға Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесінің өкілдері, Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдері, Ғылым және жоғары білім, Мәдениет және ақпарат министрліктерінің өкілдері қатысуда.
Айтулы шараға жиналған барша мәртебелі меймандарға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Құрметті конференцияға қатысушылар!
Биыл еліміздің бүкіл ғылыми және шығармашылық қауымдастығы Ұлы дала жырауы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуын кең көлемде атап өтуде.
Қазақ тілі мен рухын әлемге танытқан Абай, Шоқан, Мұхтар сияқты заңғар тұлғаларымыздың қатарында Жамбылдың тұруы – заңдылық.
Жамбыл мұрасының маңыздылығы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде: «Жамбыл – ұлттық поэзиямыздың алып бәйтерегі, халқымыздың рухани феномені. Оның бай мұрасы – отансүйгіштік пен елдіктің, бірлік мен парасаттың сарқылмас қайнар көзі», – деп ерекше атап өткен болатын.
ХХ ғасырдың бірінші жартысында жыр-дастан дәстүрі жойылу қаупіне ұшыраған аласапыран заманда тарих сахнасына Жамбыл шықты.
Ақын тоталитарлық жүйенің қыспағына қарамастан, Кенен Әзірбаев, Нұрпейіс Байғанин, Үмбетәлі Кәрібаев, Қалқа Жапсарбаев сынды дарынды ақындар шоғырын бастады.
Ана тіліміз бен ұлттық жадымызды келешек ұрпаққа аман-есен жеткізе білді.
Жетісу поэзия мектебінің өкілі, ұлы Сүйінбайдың батасын алған Жамбылдың ақындық феномені дәл осы дәуірде кемеліне жетті.
Табиғи талантымен танылған ол көзі тірісінде-ақ «ХХ ғасырдың Гомері» әрі «қазақ поэзиясының алып тұлғасы» деген жоғары құрметке ие болды.
Ақын мұрасының тереңдігін кезінде Сәкен Сейфуллин: «Жамбыл жырлары – мұхит түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны жинап алып, халықтың қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық парызымыз», – деп дөп басып айтқан еді.
Бұл өсиет бүгін де өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Осы қасиетті парызды бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Жамбыл филологиялық зерттеулер ғылыми орталығы нәтижелі түрде жүзеге асырып келеді.
Ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына орай, орталық ғалымдары мен зерттеушілері тәуелсіздік жылдарындағы жаңаша көзқараспен жазылған 5 томдық «Жамбылтану» фундаменталды жинағын әзірлеп, жарыққа шығарды.
Сонымен қатар Жамбылдың ұлы ұстазы, жырау Сүйінбай Аронұлының 210 жылдығы қарсаңында 10 томдық еңбек, ал Абай ғылыми-зерттеу институты тарапынан «Жамбылтану. Таңдамалы еңбектер» сериясының 10 томы университетіміздің тікелей бастамасымен оқырманға жол тартты.
Бұл ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ поэзиясының алып бәйтерегі Жамбылдың бай мұрасын жаңа тарихи тұрғыдан, заманауи ғылыми парадигма аясында қайта зерделеуге кең жол ашады.
Құрметті жиынға қатысушылар!
Ақын мұрасын заманауи ғылыми тұрғыдан қайта зерделеу – бүгінгі конференцияның басты мақсаты.
Бүгінгі басқосу жамбылтану ғылымына жаңа серпін береді деп сенемін.
Конференция жұмысына мазмұнды талқылаулар тілеймін!