ҚазҰУ-да полимерлер бойынша IX халықаралық симпозиум өтуде — ҚазҰУ

ҚазҰУ-да полимерлер бойынша IX халықаралық симпозиум өтуде

7 қазан 2026
ҚазҰУ-да полимерлер бойынша IX халықаралық симпозиум өтуде

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде арнайы полимерлер бойынша IX халықаралық симпозиум басталды. Ғылыми жиын Қазақстандағы полимер ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан академик Е.А.Бектұровтың 95 жылдығы және профессор С.Е.Құдайбергеновтің 75 жылдығына арналған.

Халықаралық симпозиумға Қазақстан, Жапония, Финляндия, Ұлыбритания, Ресей, АҚШ, Әзірбайжан және Өзбекстаннан жетекші ғалымдар, зерттеушілер мен жас мамандар жиналды. Шара барысында арнайы және функционалды полимерлер, наноқұрылымды әрі сыртқы әсерге сезімтал материалдар, дәрілік заттарды жеткізу жүйелері, сондай-ақ биологиялық ыдырайтын және биосәйкесті материалдар мен полимерлік кешендерге арналған баяндамалар ұсынылуда.

Симпозиумның ашылуында сөз сөйлеген ҚазҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева полимерлік материалдардың маңызына тоқталды. «Бүгінде полимерлер саласындағы ғылыми ізденістер медицина, фармацевтика, биотехнология, өнеркәсіп және қоршаған ортаны қорғау бағыттарындағы маңызды міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Жиынға жас ғалымдар, докторанттар, магистранттар мен студенттердің белсенді қатысуы қуантады. Өз нәтижелерін ұсынып, жетекші мамандармен пікір алысу жас зерттеушілер үшін үлкен тәжірибе», – деді Алина Галеева.

Өз кезегінде Ұлыбританияның Рединг университетінің профессоры Виталий Хуторянский ұсынылған бағыттардың өзектілігін алға тартып, заманауи полимерлік жүйелерді медицина, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда қолданудың мүмкіндіктеріне назар аударды.

Бағдарламада Қазақстанның және шетелдік ғылыми орталықтардың жетекші мамандарының пленарлық және секциялық баяндамалары ұсынылды. Атап айтқанда Жапония, Финляндия, Ұлыбритания, Ресей және АҚШ университеттері мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері өздерінің ғылыми нәтижелерімен бөлісті.

 

Симпозиум аясында академик Е.А.Бектұров пен профессор С.Е.Құдайбергеновтің ғылыми еңбектері мен кітаптарының көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар профессор Құдайбергеновтің өмірі мен ғылыми қызметіне арналған «Ғибратты ғұмыр» кітабының салтанатты тұсаукесері өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі