ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультеті Erasmus+ бағдарламасы аясында поляк ғалымдарымен ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуде — ҚазҰУ

ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультеті Erasmus+ бағдарламасы аясында поляк ғалымдарымен ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуде

8 қазан 2026
ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультеті Erasmus+ бағдарламасы аясында поляк ғалымдарымен ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуде

2026 жылғы 5–9 қазан аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетіне Польшадағы Жешув технологиялық университетінің (Rzeszów University of Technology) профессоры Grażyna Mrówka-Nowotnik ресми сапармен келді. Сапар Erasmus+ Staff Mobility for Teaching халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, Қазақстан мен Польша университеттері арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамытуға, академиялық тәжірибе алмасуға және жаңа ғылыми-зерттеу байланыстарын орнатуға бағытталды.

Польшалық зерттеушіні физика-техникалық факультетінің деканы, профессор Бейсен Нұрзада Әбдібекқызы қабылдады. Сапарды ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарын деканның ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Пешая Светлана Леонидовна жүзеге асырды.

Жұмыс кездесулеріне қатты дене физикасы және жаңа материалдар технологиясы кафедрасының меңгерушісі Мұхаметкәрімов Ержан Советбекұлы, теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі, профессор, академик Әбішев Медеу Ержанұлы, сондай-ақ физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Яр-Мухаммедова Гүлмира Шәріпқызы қатысты.

Келіссөздер барысында халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту, оқытушылар мен зерттеушілердің академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру, бірлескен ғылыми жарияланымдар әзірлеу, ғылыми семинарлар өткізу және халықаралық зерттеу жобаларына қатысу мүмкіндіктері талқыланды. Екі университеттің ғылыми ұжымдары арасындағы ортақ зерттеу бағыттарын айқындауға ерекше назар аударылды.

Профессор Grażyna Mrówka-Nowotnik металл материалдары мен қорытпаларын, оның ішінде алюминий қорытпалары мен жоғары температураға төзімді конструкциялық материалдарды зерттеуге маманданған. Оның ғылыми қызметі термиялық өңдеудің материалдардың микроқұрылымына, фазалық құрамына және механикалық қасиеттеріне әсерін зерделеуді, интерметалдық фазалар мен құрылымдық эволюция үдерістерін зерттеуді қамтиды.

Профессор Гүлмира Яр-Мухаммедованың ғылыми тобымен ынтымақтастық орнату перспективаларына ерекше көңіл бөлінді. Ғылыми топ функционалдық нанокомпозициялық жабындарды әзірлеумен, оларды алудың электрохимиялық технологияларымен және материалдардың коррозияға төзімділігін зерттеумен айналысады. Ғылыми қызығушылықтардың өзара сабақтастығы қорғаныш жабындары, металл қорытпалары және пайдалану сипаттамалары жақсартылған материалдар бойынша бірлескен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.

Кәсіби ғылыми пікір алмасуға Алматыға Erasmus+ бағдарламасынан тыс, жеке сапармен келген Andrzej Nowotnik те қатысты. Оның ғылыми қызығушылықтары беттік инженерияны, термиялық тосқауыл жабындарын, никель негізіндегі суперқорытпаларды және материалдарды жоғары температура әсерінен қорғау технологияларын қамтиды.

Сапардың маңызды бөлігі ҚазҰУ физика-техникалық факультетінің ғылыми серіктесі — Қазақстан Республикасының Ядролық физика институтына бару болды. Институттың ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен танысу радиациялық материалтану, функционалдық жабындарды зерттеу және экстремалды пайдалану жағдайларында конструкциялық материалдардың төзімділігін бағалау салаларындағы ықтимал ынтымақтастық бағыттарын қарастыруға мүмкіндік берді. Факультеттің ғылыми құзыреттерін, польшалық зерттеушілердің тәжірибесін және институттың эксперименттік базасының мүмкіндіктерін ұштастыру пәнаралық жобаларды дамыту үшін маңызды әлеуетке ие.

Erasmus+ бағдарламасы аясында профессор Grażyna Mrówka-Nowotnik-тің оқытушылық академиялық ұтқырлық бағдарламасы заманауи ғылыми білім мен халықаралық академиялық тәжірибе алмасуға бағытталған сегіз сағаттық оқу сабақтарын өткізуді де қамтыды.

Халықаралық ынтымақтастықты дамыту Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) басым бағыттарына, атап айтқанда, ТДМ 4 «Сапалы білім беру», ТДМ 9 «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» және ТДМ 17 «Тұрақты даму мақсаттары үшін әріптестік» мақсаттарына сәйкес келеді. Мұндай халықаралық бастамалар ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыруға, озық технологиялар мен тәжірибе алмасуға және университет ғылымын халықаралық ғылыми кеңістікке ықпалдастыруға ықпал етеді.

Аталған сапар Қазақстан мен Польша арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтуда және физика-техникалық факультеттің халықаралық қызметін кеңейтуде маңызды қадам болды. Өткізілген кездесулер академиялық алмасуларды одан әрі дамытуға, бірлескен ғылыми жобалар әзірлеуге және материалтану, қатты дене физикасы, ядролық технологиялар мен заманауи инженерлік зерттеулер салаларында ұзақмерзімді ынтымақтастық орнатуға негіз қалады.