Цифрлық кеніш жасап, миллион теңге ұтып ал! — ҚазҰУ

Цифрлық кеніш жасап, миллион теңге ұтып ал!

9 қазан 2026 – 25 қазан 2026

Цифрлық кеніш жасап, миллион теңге ұтып ал!

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы DigitalEgiz зертханасы бас жүлдесі 1 000 000 теңгені құрайтын «OpenEgiz платформасындағы цифрлық кеніш» атты ашық байқау жариялайды.

Қатысушыларға ашық OpenEgiz платформасында тау-кен кәсіпорнының цифрлық егізін әзірлеу ұсынылады. Байқау өндірістік процестерді модельдеу, деректерді талдау және өнеркәсіптік нысандардың жұмысын болжау үшін заманауи цифрлық технологияларды тәжірибеде қолдануға бағытталған.

Байқау тапсырмасы кеніштің немесе оның жекелеген нысандарының – ашық карьердің, шахтаның, байыту фабрикасының цифрлық моделін жасауды көздейді. Әзірлеушілер өз жобаларының функционалдық модульдерін дербес анықтайды. Олар жабдықтардың жұмысын, көлік процестерін, желдету жүйесін және басқа да өндірістік жүйелерді модельдей алады. Сондай-ақ кәсіпорын жұмысындағы өзгерістердің ықтимал салдарын бағалауға мүмкіндік беретін «егер ... болса, не болады?» («what if») сценарийлерін іске асыра алады.

Байқауға барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Жеке қатысуға немесе төрт адамға дейінгі команда құруға болады. Жасанды интеллект технологияларын қоса алғанда, кез келген әзірлеу құралдарын пайдалануға рұқсат етіледі. Байқауға ұсынылатын жұмыстар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қабылданады.

Байқаудың басты ерекшелігі – жобаларды жасанды интеллект модельдерінен құралған қазылар алқасының бағалауы. ЖИ-төрешілер ұсынылған әзірлемелерді алдын ала белгіленген критерийлер бойынша сараптайды. Олар: кеніштің цифрлық моделінің толықтығы, өндірістік процестерді модельдеудің шынайылығы, визуализация сапасы, «егер ... болса, не болады?» сценарийлерінің іске асырылуы, модульдердің функционалдық мүмкіндіктері және жобаның таныстырылымы. Ең жоғары баға – 100 балл.

Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша үздік 10 жоба YouTube платформасында тікелей эфирде өтетін финалға жолдама алады. Жеңімпазға 1 000 000 теңге табысталады. Екінші және үшінші орын алған командалар дипломдармен марапатталып, DigitalEgiz зертханасында тағылымдамадан өту немесе жұмысқа орналасу туралы ұсыныс алады.

Байқаудың негізгі күндері:

2026 жылғы 25 қазан, сағат 23:59 – тіркелу және байқауға ұсынылатын жұмыстарды қабылдау аяқталады;

26-30 қазан – іріктеу кезеңі, бағалау нәтижелерін жариялау және апелляцияларды қарау;

31 қазан – байқаудың тікелей эфирдегі финалы.

Қатысу үшін ресми тіркеу нысаны арқылы тіркеліп, әзірленген жобаны ұйымдастырушылардың талаптарына сәйкес команданың GitHub репозиторийінде ұсыну қажет.

Байқау қатысушыларға жасанды интеллект, цифрлық модельдеу және өнеркәсіп міндеттерін шешуге қолданылатын бағдарламалық шешімдерді әзірлеу саласындағы құзыреттерін көрсетуге мүмкіндік береді.

 

Байқау ережесі мен тіркелуге арналған сілтеме: 

https://openegiz-contest.github.io/kk/rules/

 

Гүлшат Аманжолқызы Әмірханова,
PhD, Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының ассистент-профессоры,
«Жасанды интеллект пен IIoT технологияларын қолдану арқылы тамақ өнеркәсібі кәсіпорнының цифрлық егізін әзірлеу» жобасының жетекшісі