"ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміндегі Иран: суреттердегі тарих " — ҚазҰУ

"ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміндегі Иран: суреттердегі тарих "

14 қазан 2026
"ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміндегі Иран: суреттердегі тарих "

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің музейі тарих факультеті және Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығымен бірлесіп, 2026 жылғы 16 қазан, жұма күні, сағат 11:00-де "ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміндегі Иран: суреттердегі тарих" атты фотокөрмесінің ашылу салтанатын өткізеді.

Иран – тарихи және мәдени сабақтастығы үзілмей, бүгінгі күнге дейін сақталған әлемдегі ең көне мемлекеттердің бірі. Бұл – мыңдаған жылдар бойы қала құрылысы, сәулет өнері, мәдениет, қоғамдық және діни-ғұрыптық жүйелер қалыптасып, дамыған, адамзат өркениетінің баға жетпес тарихи ескерткіштері сақталған өлке.

Тарихи ескерткіштер өздерінің мәдени, жалпыадамзаттық құндылығының арқасында ұлттық шекаралардан тыс деңгейде мойындалып, адамзаттың ортақ мұрасының бір бөлігі ретінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген.

Көрменің басты мақсаты – ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген Иранның 29 материалдық тарихи мұра нысанын деректі фотосуреттер арқылы көпшілік назарына ұсыну.

Аталған мұралар адамзат өркениеті тарихының біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтардан бастап қазіргі заманға дейінгі кең кезеңін қамтиды. Олардың қатарында Мидия, Ахеменидтер және Сасанилер империялары дәуірлерінен бастап ислам кезеңіне дейінгі әртүрлі тарихи кезеңдерге жататын ескерткіштер бар.

Көрмеде ұсынылатын тарихи нысандардың қатарында біздің дәуірімізге дейінгі V мыңжылдыққа жататын ежелгі Шахр-е Сухте (Өртенген қала) археологиялық кешені; шамамен 2500 жыл бұрын Ахеменидтер дәуірінде салынған Персеполь (Тахт-е Джамшид) сарайлар кешені; Иранның ежелгі астанасы Хегматананың (Экбатана) тарихи қалдықтары; тарихи Йезд қаласы, сондай-ақ жүздеген тарихи сәулет ескерткіштері орналасқан Исфахан мен Керман қалалары бар.

Сонымен қатар көрмеде тарихы шамамен 25–50 миллион жылға созылатын бірегей табиғи мұра – Гиркан ормандары; тарихы біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтардан басталып, бүгінгі күнге дейін мәдени сабақтастығын сақтап келген Мейманд пен Хаураманның мәдени ландшафттары, сондай-ақ ирандық және исламдық өркениетке тән ондаған керуенсарайлар, кәріз жүйелері, парсы бақтары, мешіттер, алаңдар мен сәулет ескерткіштері таныстырылады.

Көрменің салтанатты ашылуы 2026 жылғы 16 қазанда сағат 11:00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бас ғимаратында орналасқан университет музейінде өтеді.

Іс-шараға Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығы өкілдері, ҚазҰУ басшылығы, ҚазҰУ тарих факультетінің деканы бастаған оқытушы-профессорлары мен студенттері қатысады.

Көрме қазан айының 16- 30 жұлдызына дейін жалғасады. Келіңіздер,көріңіздер!