ҚазҰУ студенті Айбек Айтбеков АҚШ-та әлем чемпионы атанды
Фото: United World Wrestling
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Айбек Айтбеков грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгі (U23) әлем чемпионатында топ жарып, алтын медаль жеңіп алды. Әлем біріншілігі АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатыр.
Жас дарын 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында қазіргі әлем чемпионы – әзірбайжандық Эльмир Алиевпен белдесіп, 13:4 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті. Финалға апарар жолда Айбек грузин балуаны Гиорги Кочалидзені (9:5), ресейлік Алибек Амировты (9:0), жапониялық Сэйма Токухараны (7:3) және жартылай финалда украиналық Евгений Поковбаны (5:4) тізе бүктірді.
ҚазҰУ-дың медицина және денсаулық сақтау факультеті «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 1-курс студенті бұл биік белесті абыроймен бағындырды.

Фото: United World Wrestling
Әлем чемпионатындағы жеңіс – жас балуан үшін биылғы табысты маусымның заңды жалғасы. Айбек Айтбеков үстіміздегі жылдың мамыр айында Вьетнамның Дананг қаласында өткен U23 Азия чемпионатында да қарсылас шыдатпай, құрлық чемпионы атанған болатын.
Бүгінде отандық грек-рим күресінің ең перспективалы өкілдерінің бірі саналатын спортшы 23 жасқа дейінгі Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Нұржан Насановтың жетекшілігімен шыңдалып келеді. Мамандардың айтуынша, Айбек – алдағы 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиада ойындарына негізгі үміткерлердің бірі.

Фото: United World Wrestling
Айта кетейік, Айбек Слямханұлы бұған дейін де бірқатар маңызды жетістіктерге қол жеткізген: 2023 жылы әлем чемпионатының күміс медалін иеленсе, 2024 жылы Қазақстан Республикасының чемпионы атанды және Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Сонымен қатар 2025 жылы Қазақстан Республикасының чемпионаты мен Кубогында үшінші орын алса, 2026 жылы Қазақстан чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. ҚазҰУ-дағы спортшының жаттықтырушысы – жоғары санатты жаттықтырушы, спорт шебері Ербол Отынчинов.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар