Қазақстанның конституциялық дамуы қаралды — ҚазҰУ

Қазақстанның конституциялық дамуы қаралды

15 қазан 2026
Қазақстанның конституциялық дамуы қаралды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде заң факультетінің ұйымдастыруымен VI жыл сайынғы Сартаев оқулары аясында «Егемен Қазақстан: Конституция, мемлекет және құқық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. 

Жиынға академиялық қауымдастық өкілдері, заңгер ғалымдар, оқытушылар, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты.

Шараны ашқан заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі. Факультет басшысы Сартаев оқуларының отандық заң мектебі дәстүрлерін сақтаудағы, ғалымдар сабақтастығын нығайтудағы және жастардың Конституция мен құқықтық құндылықтарға құрметін қалыптастырудағы маңызын атап өтті.

Пленарлық отырыста Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі Қарлығаш Үсейінова «Академик Сұлтан Сартаевтың ғылыми мұрасы» тақырыбында баяндама жасады. Профессор Алуа Ибраева «Сұлтан Сартаев: ғалым, патриот, ұстаз» тақырыбында  сөз сөйледі. Профессор Дина Баймаханова «Академик Сұлтан Сартаевтың еңбектеріндегі конституциялық-құқықтық ғылым мен практиканың даму мәселелері» презентациясын ұсынды. 

 

Сондай-ақ талқылау барысында Қазақстан мемлекеттілігінің конституциялық негіздерін нығайту, ұлттық құқықтық жүйені дамыту және адам құқықтарын қорғау мәселелері кеңінен қаралды. Бұған қоса, қазіргі өзгерістер жағдайында мемлекеттік-құқықтық институттарды жетілдіруге назар аударылды.

VI жыл сайынғы Сартаев оқулары аясында қатысушылар конституциялық-құқықтық ғылым мен практиканың өзекті мәселелерін талқылап, еліміздегі бұл бағыттарды одан әрі дамыту бойынша тәжірибелік ұсыныстар әзірледі. 

Шара соңында студенттер арасында өткен арнайы эссе байқауының жеңімпаздары марапатталды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі