ҚазҰУ-да «Қазақстандағы араб тілі айлығы» басталды — ҚазҰУ

ҚазҰУ-да «Қазақстандағы араб тілі айлығы» басталды

15 қазан 2026
ҚазҰУ-да «Қазақстандағы араб тілі айлығы» басталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстандағы араб тілі айлығы» халықаралық мәдени-білім беру жобасының ашылу салтанаты өтті. 

Сауд Арабиясы Корольдігінің Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жоба араб тілін зерттеуді дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен араб әлемі арасындағы академиялық және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған. Ауқымды шараға ҚазҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Алина Галеева, Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясының бас хатшысы, профессор Абдулла бин Салих әл-Уашми, дипломатиялық корпус өкілдері, ғалымдар, оқытушылар мен студенттер қатысты.

Бұл жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы қыркүйек айындағы Қазақстан халқына жолдауында айқындалған басымдықтармен үндеседі. Аталған жолдауда білім мен ғылым ел дамуының негізгі тірегі ретінде айрықша атап көрсетілген. Сонымен қатар бұл бастама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 4-ші («Сапалы білім») және 17-ші («Тұрақты даму жолындағы әріптестік») мақсаттарының бағыттарымен толық сәйкес келеді.     

Ашылу рәсімінде Қазақстан мен Сауд Арабиясының мемлекеттік әнұрандары шырқалып, университет пен академияның қызметі туралы арнайы бейнематериалдар көрсетілді. Сондай-ақ Қазақстанның жоғары оқу орындары студенттері арасында өткен тілдік байқаулардың жеңімпаздары марапатталды.

Халықаралық жоба аясында «Қазақстанда араб тілін оқыту: қазіргі жағдайы мен даму перспективалары» атты ғылыми форум өтті.

Жиында академияның білім беру бағдарламалары секторының жетекшісі, профессор Саад бин Мұхаммед әл-Қахтани Сауд Арабиясының шетелдік студенттерге араб тілін үйретудегі атқарып жатқан рөлі туралы баяндама жасады. Ал сарапшы-тренер Мұхаммед әл-Бишри Корольдік университеттерінде араб тілін екінші тіл ретінде оқытудың озық тәжірибесімен бөлісті.

Қазақстандық мамандар араб тілін оқыту әдістемесін жетілдіру және білім беру бағдарламаларын дамыту мәселелеріне тоқталды. ҚазҰУ шығыстану факультетінің аға оқытушысы Нұрали Қайранбаев елімізде араб тілін оқытудың өзекті мәселелерін қарастырды. Ал ҚазҰУ-дың қауымдастырылған профессоры Баян Жұбатова отандық арабтану саласын дамытудың перспективаларын таныстырды.

Бұған қоса, бағдарлама шеңберінде араб тілін меңгеру деңгейін анықтауға арналған «Хамза» тесті, оқытушылар мен студенттерге арналған тренингтер мен шеберлік сабақтары, сондай-ақ араб каллиграфиясы мен мәдени мұрасына арналған көрме ұйымдастырылды. 

Айта кетейік, Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясы 2020 жылы Сауд Арабиясында құрылған. Академия ғылыми зерттеулер жүргізу, білім беру бағдарламаларын әзірлеу, араб тілі мен мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттаумен айналысады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі