Гидрология студенттері жасыл даму мен су ресурстарын сақтау мәселелерін талқылады — ҚазҰУ

Гидрология студенттері жасыл даму мен су ресурстарын сақтау мәселелерін талқылады

15 қазан 2026
Гидрология студенттері жасыл даму мен су ресурстарын сақтау мәселелерін талқылады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінде метеорология және гидрология кафедрасының ұйымдастыруымен «Мәңгілік елдің жасыл дамуы: 35 жылдық белес және су ресурстарының болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға «6В05203-Гидрология» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері қатысты.

Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған кездесуде студенттер еліміздің тұрақты дамуындағы су ресурстарының маңызын талқылады. Қатысушылар суды ұтымды пайдалану, су көздерін ластанудан қорғау және су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру мәселелерін қарастырды.

Талқылау барысында климаттың өзгеруі мен адам әрекетінің өзендер мен көлдерге әсеріне, сондай-ақ трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану мәселелеріне назар аударылды. Студенттер оқу барысында алған білімдеріне сүйене отырып, Қазақстандағы су ресурстарын сақтау жолдары туралы пікір алмасты және болашақ гидрологтардың осы бағыттағы кәсіби жауапкершілігін талқылады.

Дөңгелек үстелдің тақырыбы БҰҰ-ның 6-шы Тұрақты даму мақсаты - «Таза су және санитария» міндеттерімен үндесіп, су ресурстарын ұтымды пайдалану мен су экожүйелерін қорғаудың маңызын ашуға бағытталды.

Іс-шараны ұйымдастыруға және өткізуге жауапты - метеорология және гидрология кафедрасының аға кураторы Ахметова Р.Е.

Кездесу студенттерге жасыл даму қағидаттарын өз мамандығымен байланыстырып, су ресурстарын қорғаудың ел болашағы үшін маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.