- Басты бет
- Сөйлеген сөздері
- Түркі әлемі ұлттық академиялар одағы Бас ассамблеясының тоғызыншы отырысында сөйлеген сөзі
Түркі әлемі ұлттық академиялар одағы Бас ассамблеясының тоғызыншы отырысында сөйлеген сөзі
Құрметті әріптестер, қадірлі түркітанушы ғалымдар!
Бүгінгі Түркі академиясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан бұл басқосу – түркі әлемінің рухани және ғылыми интеграциясындағы маңызды қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Ұлытау төрінде жасаған баяндамасында атап өткендей, біз – ұлы Жошы ұлысының ұрпақтарымыз. Алтын Орда дәуірі – тек саяси империя ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігін рухани, мәдени және тілдік тұрғыдан біріктірген ортақ өркениеттік кодымыз. Еуразия құрлығының орталық бөлігіндегі Ұлы дала мен Қос өзен аралығы ежелден «Тұран», «Түркістан» атауларымен белгілі болып, үлкен геосаяси және этногеографиялық кеңістікті қамтыды. XIII ғасырдың басында бұл өңір Моңғол империясының құрамына еніп, әкімшілік жағынан ұлыстарға бөлінді. Олардың ішінде Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының еншісіне тиген Жошы ұлысы Ертіс бойынан Дунайға дейінгі, Батыс Сібір мен Дешті Қыпшақ даласын, Еділ бойын қамтыған ұлан-ғайыр аумақты алып жатты.
Тарихи-саяси тұрғыдан алғанда, Жошы ұлысы мен Алтын Орда біртұтас мемлекеттілік эволюциясының екі маңызды кезеңі болып табылады: Жошы ұлысы – мемлекеттілігіміздің бастауы, геосаяси іргетасы мен ұрпақтар сабақтастығы болса, Алтын Орда – сол мемлекеттің өркениеттік биігі, қала мәдениеті мен сауда-экономикалық жүйесінің шарықтаған кезеңі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Біз – Жошы ұлысының ұрпақтарымыз», ал қазақ халқының этногенез процесі тікелей осы кеңістікте жүзеге асты. Жошы ұлысының ыдырауы нәтижесінде пайда болған Ақ Орда, Ноғай ордасы, Қазан, Қырым, Сібір хандықтары және кейіннен Қазақ хандығы осы ұлы империяның тікелей саяси және мәдени мұрагерлері болып табылады.
Моңғол империясының әскери жүйесі негізінде құрылғанымен, бұл кеңістік өте қысқа мерзімде түбегейлі түркіленді. XIII ғасырдың бірінші жартысы мен XIV ғасырдың бірінші жартысы аралығында жүрген бұл этносаяси үдеріс ғылымда «қыпшақтану» деп аталады: Алтын Орда аумағында бір ғасыр ішінде қыпшақ тілі үстемдікке жетіп, моңғолтілдес тайпалардың бәрі қыпшақ тілін қатынас тілі ретінде қабылдады. Қыпшақ тілі мемлекеттің ресми тіліне айналып, барлық жарлықтар, елшілік хаттар мен құжаттар осы тілде жазылды. Берке хан тұсында ислам діні ресми дін болып жарияланып, барлық тұрғындар үшін ортақ мызғымас рухани кеңістік қалыптасты. Жошы ұлысы көшпелі өмір салты мен отырықшы-қалалық өркениетті үйлестіре білді. Сарайдүкен, Сарай-Берке, Укек, Болғар, Сығанақ, Сауран, Түркістан сияқты ондаған гүлденген қалалар бой көтеріп, онда қолөнер, ғылым, поэзия мен ислам мәдениеті қатар дамыды.
Жошы ұлысы мен Алтын Орда дәуірінен бізге жеткен ең құнды жазба ескерткіштердің бірі – «Кодекс Куманикус» (Codex Cumanicus). XIII-XIV ғасырларда (шамамен 1303 жылы) Дешті Қыпшақ пен Қара теңіз жағалауындағы қыпшақ-түркі тілі негізінде дүниеге келген бұл қолжазба сол замандағы Еуразия кеңістігіндегі ортақ қатынас тілінің (lingua franca) болғанын айғақтайтын басты дәлел. Венециядағы Әуес Марк кітапханасында сақтаулы бұл мұра – түркі халықтарының ортақ тілдік және рухани тұтастығының айқын көрінісі.
шеңберіндегі сала болып келсе, қазіргі жаһандану дәуірінде ол кешенді әрі пәнаралық ғылымға айналуы тиіс. Біз классикалық түркітанудың шеңберінен шығып, заманауи түркі әлемінің өркениеттік кодын, рухын, жаһандық геосаяси және мәдени орнын зерттейтін жаңа жүйеге көшуіміз қажет. Бұрынғы классикалық түркітану негізінен көне жазба ескерткіштерін оқу, филологиялық талдау және тарихи деректерді жинақтау шеңберінде дамыды. Алайда бұл тарихи мұраның түп тамыры мен алтын діңгегі ұлы Жошы ұлысы мен Алтын Орда дәуірінен бастау алады. Жошы ұлысы кезеңінде қалыптасқан ортақ тілдік кеңістік, әкімшілік-құқықтық жүйе және рухани байланыстар – бүкіл түркі әлемінің өркениеттік кодын айқындайтын бірінші дәрежелі фактор. Бұл бағыт тек ғылыми теория емес, ол бүгінгі түркі ынтымақтастығының да негізгі өзегі болып табылады.
Әлемнің көпполярлы жүйеге өтуі түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың маңызын арттыра түсуде. Бұл ретте Түркі мемлекеттері ұйымы тек саяси-экономикалық емес, ғылыми интеграцияның да басты локомотиві болуы тиіс. Негізгі міндет – қандай дa бір тар шеңбердегі идеологияны емес, түркі халықтарының ортақ интеллектуалды әлеуетін біріктіретін ортақ ғылыми кеңістікті қалыптастыру. Қазіргі әлем сызықтық дамудан көпполярлы, күрделі геосаяси архитектураға көшуде. Жаһандық сын-қатерлер, технологиялық жарыс пен ақпараттық қауіпсіздік мәселелері әр мемлекеттің жеке оқшаулануына жол бермейді. ТМҰ саяси-экономикалық және көліктік-логистикалық бағыттарда нақты интеграциялық қадамдар жасап жатқанымен, кез келген ұзақ мерзімді интеграцияның түпкі діңгегі –интеллектуалды және ғылыми ортақ кеңістік. Бұл кеңістік ғалымдардың еркін академиялық алмасуын (академиялық ұтқырлықтың жаңа форматын), іргелі және қолданбалы ғылыми жобаларды бірлесіп қаржыландыру тетіктерін, сондай-ақ түркітану саласындағы ортақ стратегиялық басымдықтарды айқындайтын тұрақты эксперттік алаңдарды қамтуы тиіс.
Тіл білімі мен лексикография саласына келетін болсақ, түркі тілдеріне ортақ фразеологизмдер, семантикалық қабаттар мен ортақ грамматикалық категориялар – біздің рухани және тарихи бірлігіміздің айнымас дәлелі. Бүгінде әр ел өз тілін дербес зерттеп жатқанымен, жаһандық тілдік үдерістерге сай бізге тілдерді тек жекелей емес, синхронды және диахронды тұрғыдан салыстырмалы түрде терең зерттейтін ортақ әдістемелік база қажет. Қазақстандық түркітану ғылымында ұлттық тіл білімінің мықты іргетасы қаланғанымен, қазіргі таңда әр түркітілдес мемлекет өз тілін дербес, бір-бірінен бөлек оқшау зерттеп жатыр («силос эффектісі»). Ортақ үйлестірудің жоқтығынан бір ғана құбылыс әр елде әртүрлі әдістемемен қайта зерттеліп жатады. Тілдік өзгерістерді тек қазіргі жағдайда немесе тек өткен ғасырлармен шектеп қарау орын алуда. Жошы ұлысы мен Алтын Орда кезеңіндегі ортақ қыпшақ-оғыз қабаттарының бүгінгі тілдерде қалай трансформацияланғанын көрсететін кешенді диахронды-салыстырмалы еңбектер әлі де жетіспейді.
Батыс, Ресей және Азия түркітану орталықтарында қолданылып жатқан озық лингвистикалық әдістемелер (корпустық лингвистика, квантивті лингвистика) мен біздің отандық академиялық зерттеулердің арасында белгілі бір әдіснамалық алшақтық бар. Мұны шешу үшін түркі тілдерін бір-бірінен бөлек қарастырмай, олардың ортақ тамырын негізге ала отырып, синхронды-диахронды ұстанымды ұштастыратын жаңа әдістемелік мектеп қалыптастырып, халықаралық лингвистикалық коллаборацияны күшейту қажет.
Түркі лексикографиясының тарихы ерте орта ғасырлардан бастау алады. Махмұт Қашқаридың «Диуани луғат ат-түрк» (XI ғ.) еңбегі – түркі тілдерінің салыстырмалы-этимологиялық сөздігінің ғана емес, бүкіләлемдік түркітанудағы тұңғыш лексикографиялық шедевр. Алтын Орда және Жошы ұлысы кезеңінде қыпшақ тілінің лексикасын жүйелейтін «Кодекс Куманикус» ортақ тілдік қатынастың сөздік қорын қамтыды. Кеңестік кезеңде әрбір түркі тілі үшін академиялық түсіндірме сөздіктер жарық көріп, ұлттық тілдердің лексикалық қоры жинақталды. Алайда қазіргі таңда әр түркі республикасы мен институты өз алдына жекелеген қағаз немесе толық цифрланбаған электронды сөздіктер шығарумен шектеліп отыр. Бір тілдің немесе ортақ түркі сөздерінің этимологиясын әр ел өз бетінше зерттеп, нәтижесінде бірдей мағынадағы түбірлер қайта-қайта жасалып, уақыт пен қаржы ресурсы босқа жұмсалуда. Бірыңғай цифрлық стандарттың жоқтығы да үлкен кедергі. Сондықтан болашақ жекелеген елдердің оқшау сөздіктерін жасауда емес, барлық түркі тілдерінің ортақ түбірлерін, семантикалық өзгерістерін және тарихи сабақтастығын көрсететін жалпытүркілік ортақ цифрлық лексикографиялық кеңістікті құруда жатыр.
Соңғы үш онжылдықтағы жаһандық және отандық лингвистикалық үрдістердің әсерінен жас ғалымдар ауыр грамматикалық талдаулардан гөрі, этнолингвистика, лингвомәдениеттану, әлеуметлингвистика немесе когнитивтік лингвистика сияқты әсерлі әрі нәтижесін жылдам көруге болатын салаларға бет бұрды. Салдарынан түркі тілдерінің ішкі құрылымы, морфологиялық қосымшалардың тарихи дамуы мен аффикстердің семантикалық ығысуы сияқты іргелі тақырыптар шеттетіліп келеді. Әлеуметтік желілердің дамуы, тілдік экономия, жаңа жаһандық сленгтер мен калькалар тілдің ішкі заңдылықтарын қалай өзгертіп жатқанына академиялық орта тарапынан тиісті баға берілмей отыр. Түркі тілдерінің ортақ грамматикалық түбірлері мен типтік ерекшеліктерін салыстырмалы түрде ашатын сапалы еңбектердің азаюы әдістемелік тоқырауға әкелді. Мектеп пен ЖОО-дағы грамматикалық ережелер тілдің нақты өмірдегі, әсіресе цифрлық кеңістіктегі динамикалық өзгеру процестеріне ілесе алмай жатыр. Мұны түзету үшін морфология мен грамматиканы когнитивтік және цифрлық әдістермен ұштастырып, магистранттар мен докторанттарды түркі тілдерінің терең морфологиялық құрылымын, оның ішінде Жошы ұлысы мен Алтын Орда дәуірінен келе жатқан грамматикалық категориялардың эволюциясын зерттеуге бағыттау қажет.
Жасанды интеллект (ЖИ) пен нейрожүйелер технологиясы көне түркі руна жазбаларын, «Кодекс Куманикус» қолжазбаларын және Жошы ұлысы мен Алтын Орда дәуірінің мұраларын қатесіз танып, автоматты түрде транслитерациялау мен аударуға жол ашуда. Нейрожүйелер арқылы түркі тілдерінің электронды корпустарын жасау, сөздердің семантикалық байланыстарын анықтау түркітануды гуманитарлық шеңберден шығарып, дәл ғылымдармен ұштастыруда. Түркі халықтарының этноастрономиясы, этноботаникасы мен салт-дәстүрдегі математикалық модельдер ЖИ көмегімен 3D форматқа көшіріліп жатыр. Алайда бұл ретте «цифрлық империализм» қаупі де бар, өйткені әлемдік нейрожүйелер негізінен ағылшын және әлемнің басты тілдеріне негізделген. Бұл түркі тілдерінің ішкі идиоматикалық байлығын ығыстырып, жасанды, калькаланған «машиналық тілді» қалыптастыруы мүмкін. Деректердің жетіспеушілігі де (Data Scarcity) үлкен мәселе. Осының алдын алу үшін түркітілдес мемлекеттер бірігіп, өздерінің отандық үлкен тілдік модельдерін (Large Language Models) және түркітануға арналған арнайы нейрожүйелік алгоритмдерін жасауы тиіс.
Зерттеулерде қайталаулардың орын алуының түпкі себептері – институционалдық оқшаулану («силос эффектісі»). Бүгінгі таңда әр түркітілдес елдің ұлттық ғылым академиялары мен түркітану институттары бір-бірінен хабарсыз, жабық шеңберде жұмыс істейді. Нәтижесінде мемлекет тарапынан ғылымға бөлінетін қаржы ортақ күшті біріктіруге емес, бір-бірін қайталайтын шағын, оқшау жобаларға шашырап кетеді. Қай елде қандай іргелі еңбек жарық көрді, қай бағыт бос тұр – бірыңғай хабардар ететін ортақ ақпараттық кеңістік жоқ. Осыдан шығудың ең тиімді жолы – түркітілдес елдердің Бірыңғай координациялық ашық картасын (open platform) құру. Бұл платформа институттардың барлық зерттеу бағыттарын, диссертациялық тақырыптары мен іргелі жобаларын нақты уақыт режимінде көрсетіп, қай жерде қайталау бар екенін бірден анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлі зерттелмей қалған ақ тақырларды анықтап, ортақ мега-жобаларға көшуге және Түркі академиясының аясында тұрақты эксперттік комитет құруға жол ашады.
Қорыта айтқанда, түркі ынтымақтастығы – бұл өткеннің рухын жаңғырту ғана емес, жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұра алатын, ғылым мен білімді ұштастырған қуатты зияткерлік альянс.
Назарларыңызға рақмет!