Ректор түркі ғылыми интеграциясына тоқталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Түркі әлемі ұлттық академиялар одағы Бас ассамблеясының тоғызыншы отырысына қатысып, баяндама жасады.
ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойы аясында өткен шараға Халықаралық түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан Ғылым академияларының президенттері, бақылаушы ретінде Моңғолия, Татарстан, Башқұртстан Ғылым академияларының басшылары жиналды.

Жиында аталған академия өкілдері дала өркениетін, Алтын Орда мен Жошы ұлысын бірлесіп зерттеу жөніндегі консорциумға қол қойды. Бұл қатысушы елдердің қолжазба қорларын, ғылыми мектептері мен зерттеу инфрақұрылымын ортақ ғылыми міндеттер төңірегінде біріктіруге бағытталған. Консорциум аясында тарихи деректерді зерттеу, бірлескен археологиялық экспедициялар ұйымдастыру, ортақ цифрлық платформа қалыптастыру және академиялық басылымдар дайындау бойынша нақты жобалар әзірленеді.

Іс-шарада Асхат Кесікбаев Халықаралық түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаевтың құттықтау хатын оқып берді. Хатта түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамыту, ғалымдардың өзара тәжірибе алмасуын кеңейту мәселелерінің маңыздылығы атап өтілді.

Шара барысында Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан Ғылым академияларының президенттері сөз сөйлеп, академияның атқарған жұмыс нәтижелерін таныстырды.

Өз кезегінде ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев «Түркітану ғылымы: тарихи тамырлар, қазіргі үдерістер және интеграциялық парадигмалары» тақырыбында баяндама жасады. Ректор өз сөзінде Жошы ұлысы мен Алтын Орданың тарихи сабақтастығына назар аударып, олардың Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттілік пен өркениет тарихындағы орнына тоқталды.

«Тарихи-саяси тұрғыдан алғанда, Жошы ұлысы мен Алтын Орда біртұтас мемлекеттік эволюциясының екі маңызды кезеңі. Жошы ұлысы – мемлекеттігіміздің бастауы, Алтын Орда – сол мемлекеттің өркениеттік биігі. Жошы ұлысының ыдырау нәтижесінде пайда балған Ақ Орда, Ноғай ордасы, Қазан, Қырым, Сібір хандықтары және кейіннен Қазақ хандығы осы ұлы империяның тікелей саяси және мәдени мұрагері», – деді ректор.

Жиында ҚР Ұлттық ғылым академиясы консорциум аясындағы ынтымақтастықты іске асыру үшін 2027-2031 жылдарға арналған ортақ жол картасын ұсынды.







Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар