Түркі әлемі Ғылым академиясының басшылары ҚазҰУ-ды аралады — ҚазҰУ

Түркі әлемі Ғылым академиясының басшылары ҚазҰУ-ды аралады

16 қазан 2026
Түркі әлемі Ғылым академиясының басшылары ҚазҰУ-ды аралады

Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Моңғолия және Өзбекстан ғылым академияларының басшылары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы келіп, жоғары оқу орнының озық ғылыми инфрақұрылымы мен инновациялық жобаларымен танысты.

Мәртебелі делегация құрамында Халықаралық түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев, Түркия ғылым академиясының президенті Шекер Музаффер, Әзірбайжан ұлттық ғылым академиясының президенті Габиббейли Иса Акбар оглы, Қырғыз ұлттық ғылым академиясының президенті Бекмамат Женбаев, Өзбекстан ғылым академиясының бірінші вице-президенті Шамансур Сагидуллаев және Моңғолия ғылым академиясының әлеуметтік ғылымдар жөніндегі вице-президенті Цэгмэд Цэрэндорж бар.

Құрметті қонақтарды ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қарсы алып, университет базасындағы ғылыми орталықтар мен зертханалардың жұмысы жөнінде кеңінен ақпарат берді. 

Түркі әлемінің ғылым академиялары басшылары алдымен  Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығына барды. Бұл орталық университеттер жəне ғылыми институттармен, сондай-ақ инвестор компаниялармен əріптестік байланыс орнатады. Мұнда бірлескен зерттеулер жүргізіліп, жаңа технологиялар əзірленеді. Сонымен қатар мұнда ZTE, Ericson және өзге де шетелдік компаниялардың бөлімшелері жұмыс істейді. 

Сондай-ақ қонақтар Қытай мен Германия тарапымен бірлесіп ашылған робототехника орталықтарының  мүмкіндіктерін көрді. Мұнда студенттер өндірістік процестерді цифрлық ортада меңгеріп, күрделі автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істеуге машықтанады.

Оқу ордасындағы маңызды нысандардың бірі – Орталық Азияда алғаш ашылған Ми институты. Институт нейроғылым, когнитивтік технологиялар және адам миының қызметін зерттеу бағыттарын біріктіреді. Мұнда заманауи диагностика мен талдау әдістері арқылы адамның ойлау, есте сақтау, сөйлеу және мінез-құлық механизмдері зерттеледі. Орталық 3 Тесла магниттік-резонанстық томографымен (МРТ) жабдықталған. Бұл жабдықтың басты ерекшелігі – жасанды интеллект технологияларын қолдануында. Жүйе миды түсіру уақытын айтарлықтай қысқартып, алынған кескіннің сапасын арттырады.

Бұдан бөлек, қонақтар Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығында өндірілетін фитошайлар мен биологиялық белсенді қоспалардың әзірлену барысын көрді. Университет ғалымдары шығарған өнім тұмау мен бауыр ауруларының алдын алып, иммунитетті көтереді. Қант диабетіндегі қант деңгейін төмендетіп, қан қысымын реттеуге, асқазан-ішек жүйесінің жұмысын жақсартуға көмектеседі. 

Делегация мүшелері география және табиғатты пайдалану факультетіндегі «Қашықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану» Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасына барып, Орталық Азиядағы ең қуатты саналатын суперкомпьютердің мүмкіндігімен танысты. Суперкомпьютердің өнімділігі – 2000 терафлопс және ол әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің қатарына кіреді.  Оның архитектурасы Intel Xeon 6330N компаниясының 400-ден астам серверлік процессорынан тұрады. Қазіргі таңда жоғары технологиялық құрылғының көмегімен түрлі ауқымды ғылыми жобалар жүзеге асырылуда. 

Сапар соңында түркі әлемі ғылым академияларының президенттері университетте атқарылып жатқан ғылыми жобаларға жоғары баға беріп, заманауи зерттеу орталықтарының әлеуетіне үлкен қызығушылық танытты. Олар ортақ ғылыми бастамаларды қолдауға және ғылым мен технология саласындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екендіктерін жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі