Ректор Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған шараға қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты.
Шараға мемлекеттік органдар мен шетелдік ғылым академияларының басшылары, академия мүшелері, отандық және шетелдік ғалымдар, қоғам қайраткерлері, бизнес қауымдастығының өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, жас зерттеушілер жиналды.

Салтанатты жиынды ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ашып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына арналған арнайы құттықтау хатын оқып берді. Президент өз құттықтауында Қаныш Сәтбаев негізін қалаған академияның отандық ғылымды дамытудағы тарихи рөліне тоқталып, оның еліміздің индустриялық, экономикалық және зияткерлік әлеуетін нығайтуға қосқан елеулі үлесін атап өткен.

Ал өз сөзінде Саясат Нұрбек ғылым елдің зияткерлік әлеуетін арттырудағы, экономиканы жаңғыртудағы және технологиялық тәуелсіздікті нығайтудағы стратегиялық маңызын ерекше атады.

Іс-шарада ҚР ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев академияның жаңа мәртебесі аясында атқарылған жұмыстар мен алдағы стратегиялық міндеттерді таныстырды. Ақылбек Қажығұлұлының айтуынша, қазіргі кезеңдегі басты мақсат – ғылымды жекелеген зерттеулер жиынтығынан ел экономикасының нақты қажеттіліктеріне жауап беретін, ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізуге бағытталған біртұтас жүйеге айналдыру.

Салтанатты жиын барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Қаныш Сәтбаев» медалімен марапатталды.

Алғаш рет табысталып отырған марапат бірқатар академиктер мен профессорларға берілді.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар