Қытай шайы арқылы қытай тілін үйрену: «Жібек жолы» үйірмесінде мәдени-танымдық шара өтті — ҚазҰУ

Қытай шайы арқылы қытай тілін үйрену: «Жібек жолы» үйірмесінде мәдени-танымдық шара өтті

16 қазан 2026
Қытай шайы арқылы қытай тілін үйрену: «Жібек жолы» үйірмесінде мәдени-танымдық шара өтті

2026 жылғы 16 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің Қытайтану кафедрасы жанындағы «Жібек жолы» студенттік үйірмесі аясында «Күзгі шай дәмі: Қытайдың әйгілі шай түрлерімен танысу және HSK қытай тілі мәдени-тәжірибелік шарасы» атты іс-шара өтті. Шараны үйірме жетекшісі Дүйсенбай Құлпынай ұйымдастырды.

Іс-шараға шетел филологиясы мамандығының екінші курс студенттері Амантай Ақарыс, Бисенғали Аида Ержанқызы, Ережепова Аяулым Женисовна, Ержанова Зарина Ерболовна, Куандыкова Анель Галиевна, Нұрпейісқызы Аружан, Серікжан Өрден және Серікқызы Айару қатысты.

Шара барысында студенттер Қытай шайының тарихы, негізгі түрлері мен мәдени маңызы туралы мәлімет алды. Олар көк шай, қызыл шай және улун шайы секілді танымал шай түрлерімен танысып, олардың хош иісі мен дәмін салыстырды. Сонымен қатар қытай шайын дайындаудың дәстүрлі тәсілдері көрсетіліп, әр шайдың өзіндік ерекшеліктері түсіндірілді.

Мәдени тәжірибе қытай тілін үйренумен ұштастырылды. Студенттер HSK емтиханының деңгейлеріне сәйкес сөздерді меңгеріп, шай мәдениетіне қатысты сөз тіркестері мен сөйлемдерді қолдану арқылы тілдік дағдыларын жетілдірді. Осылайша, олар қытай тілін күнделікті өмірмен және ұлттық мәдениетпен байланыстыра отырып үйренуге мүмкіндік алды.

Қатысушылар шарадан алған әсерлерімен бөлісті. Амантай Ақарыс: «Бұған дейін қытай шайы туралы жалпы түсінігім ғана болатын. Бүгін бірнеше түрлі шайдың дәмін татып, әрқайсысының өзіндік хош иісі мен дәмі бар екенін білдім. Шай мәдениеті арқылы қытай тіліндегі сөздерді де оңай есте сақтадым», — деп атап өтті.

Бисенғали Аида Ержанқызы да шараның танымдық маңызын атап өтті: «Бұл — Қытай мәдениетімен танысудың өте қызықты тәсілі. Шай тарихының Ұлы Жібек жолымен тығыз байланысты екенін түсіндім. Осындай мәдени шаралар HSK емтиханына дайындалуға да көмектеседі», — деді ол.

Іс-шараның басты мақсаты — студенттердің қытай тілін үйренуге деген қызығушылығын арттыру, мәдениетаралық түсіністікті нығайту, Ұлы Жібек жолының мәдени дәстүрлерін таныту және HSK емтиханына дайындық барысында қытай мәдениеті туралы білімдерін толықтыру.

«Жібек жолы» студенттік үйірмесі алдағы уақытта да қытай тілі мен мәдениетін өзара байланыстыратын мәдени-танымдық және тәжірибелік шараларды ұйымдастырып, студенттердің білімін тереңдетуге бағытталған жұмыстарын жалғастырады.