- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-дың қытайтану кафедрасының доцент-зерттеушісі Даулет Ф.Н. Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетінде дәрістер циклін оқыды
ҚазҰУ-дың қытайтану кафедрасының доцент-зерттеушісі Даулет Ф.Н. Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетінде дәрістер циклін оқыды
Халықаралық ғылыми-білім беру жобасы аясында Қытай Халық Республикасының Сиань қаласындағы Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің (西北工业大学 – Northwestern Polytechnical University) шақыруымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің Қытайтану кафедрасының доцент-зерттеушісі Дәулет Фатимабибі Ноғайқызы университет студенттеріне арналған академиялық дәрістер циклін өткізді.
Дәрістерге 150-ден астам студент қатысты. Олардың ішінде инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша 100-ден астам магистрант және шамамен 50 бакалавриат студенті болды. Солтүстік-Батыс политехникалық университеті — авиация, ғарыш және теңіз техникасы салаларындағы жетекші зерттеу университеттерінің бірі.
2023 жылғы 12 қазаннан бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы табысты жұмыс істеп келеді. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамытудағы маңызды қадам болды.
Дәрістер бағдарламасы қарқынды әрі мазмұнды сипатта өтті. Бір апта бойы күн сайын сегіз академиялық сағат дәріс оқылды.
Дәрістер курсы үш негізгі тақырыптық бағытты қамтыды:
- «Орталық Азия елдерінің мәдени дәстүрлері және қазіргі заманғы өзгерістері» — Ұлы Жібек жолынан бастап қазіргі халықаралық қатынастарға дейінгі мәселелер;
- «Қазақстан: тарихы, мәдениеті және заманауи дамуы» — тарихи мұра, ұлттық дәстүрлер және тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері;
- «Орталық Азия елдерінің жоғары білім беру жүйесіндегі қытайтану: тарихы, қазіргі жағдайы және даму перспективалары» — ұлттық қытайтану мектептерінің қалыптасуы, мамандар даярлау және халықаралық ғылыми ынтымақтастық.
Дәрістер мазмұнды академиялық диалог форматында өтті. Студенттер Қазақстан мен Орталық Азияға үлкен қызығушылық танытып, белсенді түрде сұрақтар қойып, пікірталастарға қатысты.
Доцент Даулет Ф.Н. үшін бұл — ағымдағы жылы Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарынан алған екінші шақыртуы. 2026 жылғы наурыз–сәуір айларында ол Бейжің тіл және мәдениет университетінде (北京语言大学 – Beijing Language and Culture University) қытай тілін оқыту әдістемесі бойынша дәрістер курсын өткізген болатын.
Сапар аясында Даулет Ф.Н. Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің Шет тілдері институтының басшылығымен кездесті. Тараптар алдағы академиялық ынтымақтастық пен алмасу мүмкіндіктерін талқылады. Кездесу соңында академиялық ынтымақтастықтың белгісі ретінде және ғылыми байланыстарды нығайту мақсатында Даулет Ф.Н. «Қазақ университеті» баспаханасында жарық көрген ғылыми еңбектерін Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің Шет тілдері институты кітапханасына сыйға тартты.

.jpeg)
Басқа жаңалықтар