ҚазҰУ-да заңнаманы жетілдіру басымдықтары белгіленді — ҚазҰУ

ҚазҰУ-да заңнаманы жетілдіру басымдықтары белгіленді

21 қазан 2026
ҚазҰУ-да заңнаманы жетілдіру басымдықтары белгіленді

Қазақ ұлттық университетінде VI дәстүрлі Үсейінова оқулары аясында «Заң ғылымы мен тәжірибесі: қазіргі мәселелер және даму перспективалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ауқымды жиынға отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдері, сондай-ақ заң факультетінің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысты.

Конференцияға қатысушылар отандық заң ғылымы мен заңнаманы жетілдіру, құқық қолдану практикасын дамыту, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік-құқықтық даму үрдістерін сарапқа салды. Шарада Конституция ережелерін іске асыру, конституциялық құндылықтар мен құқықтық мәдениетті нығайту, сондай-ақ заң теориясы мен практикасының сабақтастығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Дәстүрлі жиын профессор Гүлнар Рақымжанқызы Үсейінованың ғылыми мұрасын ұлықтауға, идеяларын ілгерілетуге және заң білімін дамытуға бағытталған.

Шараны заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов жүргізді. Қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасының Республика күні қарсаңында өтіп отырған басқосудың маңыздылығын атап өтті.

Конференцияны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректорының кеңесшісі, заң ғылымының докторы, профессор Еркін Дүйсенов ашты. Ол Гүлнар Үсейінованың жоғары кәсіби біліктілігі мен адами қасиеттеріне, жан-жақты тұлғалық болмысына тоқталды.

Сонымен қатар конституциялық үдерістер туралы сөз қозғаған спикер жаңа Конституцияда азаматтардың дәстүрлерді құрметтеуіне, мәдени мұраны сақтауға және тарихи ескерткіштерді қорғауға қатысты нормалар қамтылғанын жеткізді. Оның айтуынша, жаңа Конституцияның мазмұны бүгінгі таңда Ата Заңға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді.

Жиында сөз алған Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның бұрынғы төрағасы, профессор Игорь Рогов құқықтың түрлі салаларын дамыту барысында олардың конституциялық қағидаттарға сәйкестігін қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды.

«Конференцияға қатысушыларға табысты жұмыс тілеймін. Заңнаманы да, құқық қолдану практикасын да жетілдіруге бағытталған ұсыныстарыңыз, ең алдымен, еліміздің алдында тұрған жаңа конституциялық міндеттерді іске асыруға қызмет етсін», – деп атап өтті спикер.

Шарада Алматы қаласы Әділет департаментінің басшысы Ернар Сейдімбек, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің басқарма төрағасы – ректоры, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі Мұхтар Төлеген, Yessenov University атқарушы вице-президенті Ермек Нұрмағанбет, ҚазҰУ профессоры Дәулет Байделдинов, Ташкент мемлекеттік заң университетінің профессоры Фируза Мухитдинова, ҚазҰУ профессоры Алуа Ибраева және басқа да ғалымдар баяндама жасады.

Жиын барысында ғалымдар зерттеу тәжірибелерімен бөлісіп, ғылыми қауымдастық пен практик-заңгерлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады. Шараны ҚазҰУ-дың Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы ұйымдастырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі