ҚазҰУ мен Қытай компаниясы гуманоидты робототехника орталығын ашады — ҚазҰУ

ҚазҰУ мен Қытай компаниясы гуманоидты робототехника орталығын ашады

21 қазан 2026
ҚазҰУ мен Қытай компаниясы гуманоидты робототехника орталығын ашады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Jiangsu Huibo Robotics Technology Co., Ltd. компаниясының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі директоры Ли Вэньмен кездесті.

Басқосуда тараптар робототехника саласындағы бірлескен бастаманы жүзеге асырудың дайындық барысы мен келешегін сарапқа салды.

ҚазҰУ мен қытайлық Jiangsu Huibo Robotics Technology компаниясы арасындағы серіктестік 2025 жылғы сәуірде қол қойылған меморандум негізінде табысты өрбіп келеді. Бұған дейін қос тарап Цифрлық робототехника орталығын құруға уағдаласқан болатын. Жоба шеңберінде университет орталыққа арнайы алаң дайындаса, қытайлық әріптестер заманауи роботтар мен қажетті жабдықтарды жеткізуге жауапты.

Жансейіт Түймебаев пен Ли Вэнь орталықты іске қосудың дайындық барысын, сонымен қатар логистикалық мәселелер мен ұйымдастыру шараларын талқылады.

Компания өкілі Ли Вэнь жабдықтарды Алматы қаласына қараша айында жеткізу жоспарланып отырғанын хабарлады. Оның айтуынша, орталыққа жалпы алты робот, соның ішінде үш гуманоидты робот пен екі робот-ит әкелінеді.

Өз кезегінде Жансейіт Түймебаев ынтымақтастықты тереңдетудің маңызына тоқталып, университеттің жас зерттеушілері мен ғалымдарына робототехника өндірісін толық меңгеруге мүмкіндік жасалатынын білдірді. 

«Біз үшін заманауи жабдықтарды орнату жеткіліксіз.  Басты мақсатымыз – студенттердің робототехника технологиясын терең меңгеріп, роботтарды өз бетінше құрастырып шығуына толық жағдай жасау. Жастардың практикалық дағдыларды меңгеріп, өз шешімдерін әзірлеуіне мүмкіндік болуы қажет», – деді ректор.

Робототехника орталығының ресми ашылуы желтоқсан айына жоспарланған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі