Оңтүстік Корея профессоры ҚазҰУ-да қазақ тілі туралы дәріс оқыды — ҚазҰУ

Оңтүстік Корея профессоры ҚазҰУ-да қазақ тілі туралы дәріс оқыды

29 қазан 2026
Оңтүстік Корея профессоры ҚазҰУ-да қазақ тілі туралы дәріс оқыды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі оңтүстіккореялық ғалым, II дәрежелі «Достық» орденінің иегері, Хангук шет тілдер университетінің (HUFS) профессоры, кафедра меңгерушісі әрі Орталық Азияны зерттеу институтының директоры Сон Ён Хун мырзаның көшбасшылық дәрісі өтті.

Басқосуға ғалымдар, оқытушылар, докторанттар мен студенттер қатысты. Кездесу аясында шетелдік қонаққа университет кампусы бойынша таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды.

Жиын салтанатты рәсіммен басталды. Қазақ тілін әлемге танытуға және Қазақстан мен Корея арасындағы байланыстарды нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін профессор Сон Ён Хунға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Құрметті профессоры» атағы берілді.

Құттықтау сөз сөйлеген ҚазҰУ Басқарма мүшесі – тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров профессордың Қазақстанға деген қызығушылығы алғаш осы университет қабырғасында қалыптасқанын атап өтті. Ғалым ҚазҰУ-дың дайындық факультетінде және тарих факультетінің аспирантурасында білім алған.

«Профессор Сон Ён Хунның ғылыми жолы біз үшін ерекше маңызға ие. Бұл – бір кездері қазақ тілін үйрену мақсатында елімізге келген жас шетелдік зерттеушінің бүгінде халықаралық деңгейдегі ғалымға айналып, Қазақстанның тарихы мен мәдениетін жаһандық академиялық кеңістікте танытып жүргенінің жарқын үлгісі. Осындай ғалымдардың еңбегі ғылым мен білімнің елдер арасындағы достықты нығайтып, халықтарды жақындастыратын маңызды күш екенін дәлелдейді», – деп атап өтті проректор.

«Оңтүстік Кореядағы қазақ тілінің рөлі» тақырыбындағы дәріс барысында профессор Сон Ён Хун өзінің ғылыми жолының басталуы туралы естеліктерімен бөлісіп, зерттеу тәжірибесіне негізделген пайымдарын ортаға салды. Дәріскердің айтуынша, қазақ тілін үйрену мақсаты Ұлы дала тарихы мен Жібек жолына деген қызығушылығынан басталған. Ол қазақ және корей тілдерінің грамматикалық әрі синтаксистік ұқсастығы тілді меңгеруде маңызды рөл атқарғанын жеткізді.

Профессор білім беру мәселесіне де ерекше назар аударды. 2004 жылы Орталық Азия тілдері кафедрасын ашып, алғашқы 20 студентті оқуға қабылдаған және өңірді терең білетін, жоғары білікті мамандар даярлауды мақсат еткен. «Қазақстанды, оның дүниетанымы мен мәдениетін терең түсіну мемлекеттік тілді білуден басталады. Бұл екіжақты кәсіби әріптестікті дамытудың кең мүмкіндіктерін ашады», – деп атап өтті дәріскер.

Кездесу соңында профессор Сон Ён Хун аудиториямен пікір алысып, тыңдаушылардың сұрақтарына жауап берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі