ТҮРКІ ӘЛЕМІ МОЙЫНДАҒАН ҚАЗҰУ ЖАСТАРЫ — ҚазҰУ

ТҮРКІ ӘЛЕМІ МОЙЫНДАҒАН ҚАЗҰУ ЖАСТАРЫ

3 қараша 2026
ТҮРКІ ӘЛЕМІ МОЙЫНДАҒАН ҚАЗҰУ ЖАСТАРЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінің Түркітану және тіл теориясы кафедрасының 4-курс студенттері «Түркі халықтарының үздік студенті» халықаралық байқауында жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Байқау қорытындысы бойынша үш студент үздік атанып, тағы үш студент білім мен қоғамдық қызметтегі жетістіктері үшін марапатталды.

Атап айтқанда, «6В01704 – Шет тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасының студенттері Алтынай Мүбәрәк, Сүйрік Әбдіманап және Марал Қадырхан халықаралық байқаудың үздіктері атанды. Ал Азиза Мүбәрәк, Дамира Үсен және Аружан Мөңке байқау аясында марапатқа ие болып, өздерінің білім мен қоғамдық қызметтегі белсенділігін көрсетті.

«Даму» халықаралық білім беру инновациялық орталығы ұйымдастырған байқаудың негізгі мақсаты – түркі халықтарының дарынды жастарын қолдау, олардың ғылыми, шығармашылық және қоғамдық жетістіктерін насихаттау, сондай-ақ түркі мемлекеттерінің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттері арасындағы өзара байланыс пен ынтымақтастықты нығайту.

Халықаралық байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия және басқа да түркі мемлекеттерінің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан, ғылым, өнер, спорт және қоғамдық қызмет салаларында жетістіктерге қол жеткізген белсенді жастар қатысты.

Байқау талаптарына сәйкес қатысушылар оқу кезеңіндегі ғылыми, шығармашылық және қоғамдық жетістіктерін растайтын құжаттар мен материалдарды ұсынды. ҚазҰУ студенттері ғылыми конференциялар мен жобаларға қатысу нәтижелерін, жастар бастамалары мен еріктілік қызметтегі белсенділігін айғақтайтын материалдарын сарапқа салды. Нәтижесінде олардың білімге деген ұмтылысы, ғылыми ізденістері және қоғамдық белсенділігі халықаралық деңгейде жоғары бағаланды.

Студенттердің халықаралық байқауға дайындалуына Түркітану және тіл теориясы кафедрасының оқытушылары А.А. Камзина мен К.Б. Аширкулов жетекшілік етті. Оқытушылар студенттердің байқауға қажетті материалдарын жүйелеуге, ғылыми және қоғамдық жетістіктерін жинақтауға, сондай-ақ байқау талаптарына сәйкес құжаттарын дайындауға әдістемелік қолдау көрсетті.

ҚазҰУ студенттерінің халықаралық деңгейдегі жетістігі – олардың білімге деген құштарлығы мен ізденісінің, сондай-ақ университет қабырғасында қалыптасқан сапалы білім беру жүйесінің нәтижесі. Сонымен қатар бұл жетістік дарынды жастардың ғылыми және шығармашылық әлеуетін дамытуға, түркі әлеміндегі білім беру, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Аталған байқаудың нәтижелері Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарымен де сабақтасады. Атап айтқанда, 4-мақсат – «Сапалы білім беру» және 17-мақсат – «Тұрақты даму жолындағы әріптестік» бағыттары аясында жастардың білім мен ғылымға қызығушылығын арттырудың және халықаралық академиялық байланыстарды дамытудың маңыздылығын көрсетеді.

Халықаралық байқауда үздік атанып, марапатқа ие болған студенттердің жетістіктері олардың алдағы ғылыми, кәсіби және қоғамдық қызметіне жаңа мүмкіндіктер ашып, болашақта да биік нәтижелерге қол жеткізуіне негіз болмақ.

Ұйымдастырушы: Түркітану және тіл теориясы кафедрасының оқытушылары А.А. Камзина, К.Б. Аширкулов