ICESCO Бас директоры Салим әл-Малик ҚазҰУ тарихы музейіне келді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарихы музейіне Ислам әлемі білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ICESCO) Бас директоры, доктор Салим әл-Малик келді.
Сапар барысында құрметті қонақ университеттің қалыптасу және даму тарихымен, ғылыми-білім беру жетістіктерімен, көрнекті ғалымдары мен белгілі түлектерінің өмір жолымен танысты. Сонымен қатар университеттің халықаралық қызметіне, ғылым мен мәдениетті дамытуға қосқан үлесіне ерекше назар аударылды.
Сапардың маңызды оқиғаларының бірі – доктор Салим әл-Маликке әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Құрметті профессоры» атағының берілуі болды. Бұл мәртебе халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамытуға және университет пен ICESCO арасындағы серіктестік байланыстарды нығайтуға қосқан үлесінің мойындалуы болып табылады.
Аталған құрметті атақ ҚазҰУ мен ICESCO арасындағы ынтымақтастықтың, сондай-ақ ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің интеллектуалдық мұрасын халықаралық деңгейде зерттеу, сақтау және насихаттау бағытындағы ортақ бастамалардың маңызын айқындайды.
Музейге сапар университеттің халықаралық академиялық және мәдени байланыстарын нығайту жолындағы маңызды кездесулердің бірі болды.


