ҚазҰУ оқытушысы Анна Данченко «Құрмет» орденімен марапатталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, белгілі тележүргізуші әрі продюсер Анна Данченко мемлекеттік жоғары награда – «Құрмет» орденіне ие болды. Марапатты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты түрде табыстады.
Бұл марапат Анна Данченконың отандық журналистиканы дамытуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған көпжылғы кәсіби қызметі үшін берілді.

Анна Данченко – медиа саласында жиырма жылға жуық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Ақтөбедегі жоғары оқу орнында филологиялық білім алған ол кейін ҚазҰУ-дың «Шетел филологиясы» мамандығы бойынша магистратурасына түсіп, оқуын үздік аяқтады. Бұдан бөлек, «Лингвистика» бағыты бойынша PhD докторантурасын тамамдап, Лондон мен Гранада қалаларындағы жетекші университеттерде ғылыми тағылымдамадан өтті.
Оның тележурналистикадағы еңбек жолы 2006 жылы Ақтөбедегі «РИКА ТВ» өңірлік телеарнасынан басталды. Кейін республикалық «31 арнада» қызмет атқарып, «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасының жүргізушісі болды. Сонымен қатар «Айта берсін», «Өмір және өнер», «Жұлдызды шаңырақ» сияқты танымал жобалардың авторы әрі продюсері ретінде көрерменге кеңінен танылды. Қоғамдық және қайырымдылық қызметтегі белсенділігі үшін бұған дейін «Шапағат» медалімен марапатталған.

Қазіргі уақытта Анна Данченко ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің аға оқытушысы ретінде өз тәжірибесімен жас мамандармен бөлісіп келеді. Оның практикалық білімі мен медиа саласындағы мол тәжірибесі болашақ журналистерді даярлауға, олардың кәсіби біліктілігі мен шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал етуде.
Қазақ тілін жетік меңгерген маман мемлекеттік тілдің медиа кеңістігіндегі қолданысын кеңейтіп, оның қоғамдық беделін арттыруға елеулі үлес қосып келеді. Ол ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеп, қазақ тілінің заманауи ақпарат кеңістігіндегі мүмкіндіктерін кеңінен насихаттауда.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы Анна Данченконы жоғары мемлекеттік марапатымен шын жүректен құттықтап, шығармашылық және ғылыми-педагогикалық қызметіне толағай табыс, жаңа жетістіктер тілейді!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар