ҚазҰУ студенттері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты — ҚазҰУ

ҚазҰУ студенттері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты

12 қараша 2026
ҚазҰУ студенттері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері Алматы қаласындағы Медеу шатқалында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында экологиялық акция ұйымдастырды.

Игі бастамаға шығыстану факультеті ұйытқы болып, оған журналистика, халықаралық қатынастар және филология факультеттерінің студенттері де қолдау білдірді. Табиғатты қорғауға бағытталған шараға студенттермен қатар, екі атташе арнайы қатысты.

Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы жанындағы Иран мәдени орталығының директоры Мохаммад Масуд Садеги шараның құрметті қонағы болды. Университеттің қоғамдық өміріне белсенді араласып, шығыстану факультетінің қызметіне қолдау көрсеткені және ирантану бағытының дамуына үлес қосқаны үшін оған алғыс хат табысталды.

Іс-шараға шығыстану факультеті деканының әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Шынар Ерланқызы мен Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының аға оқытушысы, PhD Нұрали Қайранбаев жетекшілік етті. Студенттердің жұмысын шығыстану факультетінің 1-курс студенті Бақтияр Ақылбай үйлестірді.

Медеу шатқалында өткен экологиялық акция университет жастарының табиғатты аялау мен қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін көрсетті. Мұндай бастамалар қоршаған ортаның тазалығын сақтаумен қатар, жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, азаматтық белсенділігін арттыруға және ортақ іске деген жауапкершілігін нығайтуды көздейді. Сонымен қатар акция әртүрлі факультет студенттерінің басын қосып, олардың өзара ынтымақтастығын арттыра түсті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі