Студенттерге қаржылық қауіпсіздік пен дропперлік қаупі түсіндірілді — ҚазҰУ

Студенттерге қаржылық қауіпсіздік пен дропперлік қаупі түсіндірілді

12 қараша 2026
Студенттерге қаржылық қауіпсіздік пен дропперлік қаупі түсіндірілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті басшылығының қатысуымен ашық дәріс  өтті. 

«Қаржылық мониторинг органдары: заманауи мамандар және мансаптық мүмкіндіктер» тақырыбындағы кездесуде қаржылық қылмыстармен күрес, экономикалық тергеудің заманауи әдістері және осы саладағы кәсіби қызметтің ерекшеліктері талқыланды. Шараға заң факультеті, Экономика және бизнес жоғары мектебі, сондай-ақ ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің студенттері қатысты. 

Кездесуді заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов ашты. Ол өз сөзінде Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметіне тоқталып, ведомствоның Мемлекет басшысының жарлығымен құрылғанын және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей есеп беретінін атап өтті.

Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің Ұйымдастыру және бақылау бөлімінің бастығы, экономикалық тергеу қызметінің полковнигі Абылай Мырзаханов студенттерге Экономикалық тергеу қызметі мен Қаржылық барлау бөлімшесінің жұмысын кеңінен таныстырды. Оның айтуынша, Экономикалық тергеу қызметі қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алып, оларды анықтау және тергеумен айналысады. Ал Қаржылық барлау бөлімшесі екінші деңгейлі банктер, нотариустар мен қаржы ұйымдарынан түсетін ақпаратты сараптап, күмәнді операциялар мен көлеңкелі қаржы схемаларын әшкерелейді. Сондай-ақ заңсыз кірістерді анықтауға және құқыққа қайшы әрекеттерді қаржыландыруға қарсы күреседі.

«Бүгінде агенттік күрделі әрі арнайы білімді қажет ететін құқық бұзушылықтарды тергеп-тексеруге басымдық береді. Олардың қатарында киберқылмыстар, офшорлық аймақтар арқылы кірістерді анықтаудың күрделі схемалары, сондай-ақ инфрақұрылымдық нысандарды салу кезінде қаражатты жымқыру фактілері бар. Мұндай қылмыстарды ашу үшін IT, жасанды интеллект, банк ісі және құрылыс салаларын жетік меңгерген мамандармен қатар, білікті заңгерлер мен экономистер қажет», – деді Абылай Мырзаханов.

Қаржылық мониторинг агенттігі Сот алқасының төрағасы, мемлекеттік әділет кеңесшісі Нұржан Исмағұлов жастарды заңсыз қаржылық схемаларға тарту мәселесіне назар аударды. Әсіресе банк карталарын бөгде адамдарға беріп, заңсыз ақша айналымына қатысуға байланысты дропперлік әрекеттердің қауіптілігін түсіндірді.

Агенттік өкілдері студенттерге жеке банк карталарын бөгде адамдарға беруге немесе сатуға болмайтынын ескертіп, мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін жеткізді. Сонымен қатар кез келген қаржылық операцияның цифрлық ізі қалатынын еске салды.

Дәріс соңында студенттерге Қаржылық мониторинг агенттігінде қызметке орналасу және кәсіби даму шарттары туралы ақпарат берілді. Жас мамандар үшін мансаптық өсудің ашық жүйесі, тәлімгерлік қолдау және тұрғын үй төлемдері қарастырылған. Бұдан бөлек, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының магистратурасы мен докторантурасында тегін білім алу мүмкіндігі бар.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі