Шыңжаң университетімен ынтымақтастық бағыттары талқыланды — ҚазҰУ

Шыңжаң университетімен ынтымақтастық бағыттары талқыланды

18 тамыз 2026
Шыңжаң университетімен ынтымақтастық бағыттары талқыланды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінде Қытай Халық Республикасының Шыңжаң университеті География және қашықтан зондтау ғылымдары мектебінің делегациясымен кездесу өтті.

Кездесу барысында тараптар география, табиғи ресурстар, қашықтан зондтау және геоақпараттық технологиялар салаларындағы білім беру және ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың бірі – Орталық Азияның аридті аймақтарының географиясы бойынша оқулықтар сериясын бірлесіп әзірлеу болды. Тараптар оқулықтардың мазмұнын қалыптастыру, авторлар арасындағы міндеттерді бөлу, бірлескен жұмыс тетіктері және оларды дайындаудың алдағы кезеңдерін талқылады.

Сонымен қатар, студенттер мен жас ғалымдарды даярлау, жазғы мектептерді бірлесіп ұйымдастыру, магистранттар мен докторанттарды бірлесіп даярлау, академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен ғылыми жобалар әзірлеу және далалық оқу-өндірістік тәжірибе бағыттарын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу аясында Шыңжаң университетінің өкілдері өз университетінің ғылыми және білім беру қызметінің негізгі бағыттарын таныстырды. Тараптар сондай-ақ университет–ғылым–өндіріс интеграциясын дамыту, бірлескен ғылыми-зерттеу базаларын қалыптастыру, олардың жұмыс істеу тетіктері мен ғылыми инфрақұрылымды ортақ пайдалану мүмкіндіктерін талқылады. Келіссөздер барысында ұзақ мерзімді ғылыми серіктестікті нығайтуға және нақты бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған ұсыныстар айтылды.

Сапар бағдарламасы аясында Шыңжаң университетінің делегациясы факультеттің ғылыми-зерттеу зертханаларының қызметімен және материалдық-техникалық базасымен танысты. Қонақтарға факультетте жүргізіліп жатқан ғылыми жобалар, заманауи зерттеу жабдықтары, геоақпараттық технологиялар мен Жерді қашықтан зондтау мәліметтерін қолдану мүмкіндіктері, сондай-ақ табиғи ресурстар мен қоршаған ортаны зерттеуге бағытталған ғылыми жұмыстар таныстырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, халықаралық жобалар мен гранттық бағдарламаларға бірлесіп өтінім беру, академиялық алмасуды дамыту, бірлескен жарияланымдар дайындау, жазғы мектептер мен далалық зерттеулер ұйымдастыру, сондай-ақ білім беру және ғылыми инфрақұрылым саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге қызығушылық білдірді.

Бұл кездесу Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Шыңжаң университеті арасындағы академиялық және ғылыми байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ география және қашықтан зондтау салаларындағы ұзақ мерзімді халықаралық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды.