Жоғары мектептерде психологиялық қолайлы орта қалыптастырудың маңызы
Жоғары білім беру мекемелері мен ғылыми орта аса күрделі, көпдеңгейлі және көпфункционалды жүйе болып саналады. Оның маңызды құрамдас бөліктерінің бірі – психологиялық құрауыштар мен аспектілер. Психологиялық бөлікке білім беру үдерісіне қатысушылардың эмоционалдық ахуалы, субъективтік сезімі, өзара қарым-қатынас, сондай-ақ олардың қауіпсіздік пен қолайлылықты қалай бағалауы жатады. Психологиялық тұрғыдан қолайлы ортаны құру – бұл тек педагогикалық-психологиялық мәселе емес, бұл қоғамдық денсаулық, білім сапасы және ұлттық адам капиталының дамуы тұрғысынан стратегиялық маңызға ие міндет.
Педагогикалық және ғылыми қызмет ерекше эмоционалдық және интеллектуалдық жүктемемен байланысты. Зерттеулер көрсеткендей, педагогтар мен ғалымдар кәсіби стрестің жоғары деңгейіне жиі ұшырайды. Кәсіби сарқылып қажу (выгорание) феномені ғылыми-педагогикалық ортада ерекше кең таралған. Америкалық психолог Кристина Маслач тұжырымдамасы бойынша, қажу, «жанып күйіп кету» моделі үш құрамнан тұрады:
1. Эмоционалды сарқылу;
2. Деперсонализация (адамдарға деген теріс, немқұрайды көзқарас); Деперсонализация қазіргі уақытта «цинизм» ұғымымен алмастырылуда. Оның дегуманизацияға (мейірімсіздікке) айналу қаупі бар.
3. Кәсіби жетістіктердің төмендеуі.
Жалпы, психологиялық қолайлы орта осы үш компоненттің дамуына кедергі жасайды. Қолдау, ашықтық, кері байланыс және рефлексия жағдайында педагог өзінің кәсіби және жеке ресурстарын уақтылы қалпына келтіре алады.
Психологиялық қолайлы орта – бұл адамның өзін қауіпсіз, құнды және қолдау табатын тұлға ретінде сезінетін әлеуметтік-психологиялық кеңістік. Мұндай ортада адамдардың эмоционалдық тепе-теңдігі, ынтымақтастығы мен шығармашылық әлеуеті артады.
Біз күнделікті өмірде материалдық құндылықтарға, жоспарға және стратегиялық мақсаттарға көп көңіл бөлеміз. Дегенмен адам ресурстарының тиімді жұмыс істеуіне әсер ететін ең маңызды факторларының бірі – психологиялық ахуал мен психологиялық орта. Ол көзге көрінбесе де, әрбір әрекеттің, шешімнің және қарым-қатынастың сапасын айқындайды.
Қысқасы, психологиялық тұрғыдан қолайлы орта дегеніміз – адам өзін қауіпсіз сезінетін, пікірін еркін білдіре алатын, қателесуден қорықпайтын және өз үлесін қоса алатын кеңістік. Мұндай ортаны құру тек моральдық міндет емес, бұл – ұзақ мерзімді табыстың, денсаулықтың және тұрақты дамудың кепілі. Басқару психологиясы оны шығармашылық пен инновацияны ынталандыратын фактор ретінде қарастырады. Басқарушылық шешімдерде психологиялық факторларды ескеру аса маңызды. Нағыз мықты басшылар командасының психологиялық ахуалына мән береді. Себебі олар түсінеді: адамдар қорқыныштан емес, шабыттан жақсы жұмыс істейді. Адамдар қысымнан емес, сенімнен өседі.
Зерттеулер көрсеткендей, адам өзін қауіпсіз сезінген жағдайда ғана шынайы шығармашылық таныта алады. Қорқыныш пен қысым болған жерде ойлау шектеледі, адам тек бекітілген ережелер бойынша әрекет етеді. Ал қолайлы ортада адам жаңа идеялар ұсынуға, тәуекелге баруға және стандартты емес шешімдер қабылдауға дайын болады.
Психологиялық тұрғыдан қолайлы білім беру ортасы – бұл білім беру жүйесі сапасының негізгі шарты. Ол педагогтар мен ғылыми-педагогикалық қызметкерлердің кәсіби әл-ауқатын, психикалық денсаулығын және шығармашылық әлеуетін сақтайды.
Позитивті психологиялық орта ұжымдағы сенім мен ынтымақтастықты арттырады. Жалпы, қолайлы психологиялық ахуал ашық диалогтың негізі. Адамдар бір-біріне сенсе, ұжымдағы шиеленіс азайып, қақтығыстар сындарлы түрде шешіледі. Кері байланыс сыннан гөрі дамытушы сипатта болуы тиіс. Мұнда құрғақ сынау емес, балама (альтернативті) шешімдерді ұсыну орын алады. Қызметкерлер, әріптестер бірін-бірі қолдап, ортақ мақсатқа бірге ұмтылады. Психологиялық қысым аз болған сайын, адамның назары жұмысқа ауады. Ол ішкі мәселелерге емес, нақты тапсырмаларды орындауға жұмылады. Бұл өнімділіктің артуына, шешімдердің тез қабылдануына және жалпы тиімділіктің жоғарылауына алып келеді. Бұл эмоционалды тұрақтылықты қамтамасыз етеді және психологиялық ресурстарды қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Өмір барысы көрсеткендей, педагогтар мен ғылыми қызметкерлер арасында бейресми кәсіби бірлестіктер, пікірталас алаңдары, ғылыми семинарлар мен воркшоптар ұйымдастыру ұжымдық сенім мен өзара қолдауды нығайтады. Оның бір жарқын көрінісі ретінде 1-26 маусым айында ҚазҰУ-да Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы ұйымдастырған доктор Раб Наваз Лодхи (Пәкістан) докторанттарға, жас ғалымдарға және оқытушыларға арналған воркшопты ерекше атап өтуге болады. Қызметкерлерден, докторанттардан жаңашылдықты, сапалы мақалаларды талап етпес бұрын, олардың біліктілігін арттыруға көңіл болу өзінің тиімділігін көрсетті.
Ғылыми-педагогикалық қауымдастықта психологиялық қолайлы ортаны диагностикалау үшін мынадай индикаторларды пайдаланады:
1) Эмоционалды ахуал (ұжымдағы көңіл күй, мазасыздық деңгейі, агрессия немесе апатияның көріністері);
2) Қарым-қатынас сапасы (қақтығыстар деңгейі, диалогқа дайындық, кері байланыс мәдениеті);
3) Кәсіби өсу мүмкіндігі (тренингтер, семинарлар, коучинг, біліктілікті арттыру жүйесі);
4) Басқару стилі (басшылықтың ашықтығы, әділдігі, қызметкерлердің шешім қабылдауға қатысуы);
5) Ресурстар мен жүктеме (жүктеменің адекваттылығы, уақыттық ресурстың жеткіліктілігі);
6) Құндылықтар бірлігі (ортақ мақсаттар, академиялық еркіндік, кәсіби этика);
Психологиялық қолайлы ортаның ғылыми-педагогикалық тиімділігіне төмендегі аспектілерді жатқызуға болады:
• Академиялық өнімділіктің артуы (педагогтардың кәсіби шаршауы азайып, оқыту сапасы артады);
• Ғылыми өнімділіктің өсуі (зерттеушілердің мотивациясы мен шығармашылық белсенділігі артады);
• Инновациялық белсенділік (педагогтар мен ғалымдар жаңа тәсілдерді енгізуге белсендірек қатысады);
• Сабақтастық пен тұрақтылық (білім беру ұйымдарында кадрлардың тұрақтылығы қамтамасыз етіледі);
• Имидждік тиімділік (психологиялық қолайлы орта жоғары білім беру мекемесінің беделін арттырады.
Психологиялық тұрғыдан қолайлы білім беру ортасы – бұл білім беру жүйесі сапасының негізгі шарты. Ол педагогтар мен ғылыми-педагогикалық қызметкерлердің кәсіби әл-ауқатын, психикалық денсаулығын және шығармашылық әлеуетін сақтайды. Психологиялық қолайлы ортада адамдар:
• аз ауырады – олардың иммунитеті күшті, себебі стрестің әсері азаяды;
• ұзақ жұмыс істейді – олар жұмысқа күшпен емес, ынтамен келеді;
• көбірек ойлап табады, істейді, жаңашыл болады;
• бір-біріне көмектеседі, ынтымақтасады;
• ең бастысы – олар өмірге риза болады.
Адам – өте нәзік жаратылыс. Ол суықта тоңады, ыстықта күйеді, ал жылылықта гүлдейді. Психологиялық қолайлы орта – сол жылылық. Оны сақтай білейік. Біз күллі әлемді өзгерте алмауымыз мүмкін. Бірақ біз өз айналамызды өзгерте аламыз. Біз бір-бірімізге дем бола аламыз әрі біреудің күнін жақсы ете аламыз. Ересек адам үшін жұмыс орны – оның өмірінің үштен бір бөлігі. Ол жерде ол күніне сегіз сағат немесе одан да көп уақыт өткізеді. Демек, жұмыс орнындағы психологиялық ахуал аса маңызды фактор екені айқын.
Ойымызды түйіндей келсек, психологиялық қолайлы орта – тек моральдық құндылық емес, ол тікелей экономикалық тиімділікті айқындайтын фактор. Ол ұйымның брендін нығайтып, ұжымдық рухты күшейтеді, қызметкерлердің адалдығын, ниеттестігін (лоялдықты) арттырады. Психология ғылымының зерттеу нәтижелерін менеджментте пайдалану өте пайдалы ресурс.
Жарас СЕЙІТНҰР,
Жалпы және қолданбалы
психология кафедрасының ассистент- профессоры,
психология ғылымының
кандидаты
Басқа жаңалықтар